Белгілі қазақстандық продюсер Баян Алагөзова Instagram-дағы парақшасында Алматы қаласы сотының судьясын "сот жүйесі туралы" барлық шындықты айтып беремін деп қорқытты, деп жазады sputniknews.kz.
Сот шешімін күтіп отырған продюсер мұндай пост жазуға амалсыздан барғанын атап өтті.
"Дүйсенбіде сот шешімі шығады, егер ол әділ болмаса (ол солай болатын тәрізді), сот жүйесі туралы, сот талқылауы неге сүйенетіні және олардың тікелей орындаушылары туралы бар шындықты айтамын. Сонымен қатар қол бермейінше, сотты жеңу мүмкін емес екенін жайып саламын",- деп жазды Баян Алагөзова.
Ол аты аталмаған Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының судьясы осы жазбаны оқып, іспен тағы бір мәрте танысып, шешім қабылдауға асығыстық танытпайтынына сенім білдірді.
"Әйтпесе бұл істі жұртқа жариялап, жоғары тұрған органдарды әділдікке шақыруыма тура келеді. Өйткені судьяның қолда бар айғақтарға қарамастан, осыншалық асығыс шешім қабылдауынан қомақты қаржы төленгені көрініп тұрғандай. Бұл посты амалсыздан жариялап отырмын, себебі судья бірде-бір өтінішхатты қабылдамады, жауап та бермеді. Барлық өтінішті және ең маңызды жүз пайыздық айғақты елемей отыр", — деп жазды продюсер.
Дегенмен, Баян Алагөзова әңгіме қандай сот шешімі жайында екенін айтпаған.