30 шіл, 2020 сағат 21:24

Исламхан «әл-Айн» клубымен келісімшартқа қол қойды

Қазақстандық футболшы Бауыржан Исламхан Біріккен Араб Әмірліктерінің «әл-Айн» командасымен келісімшартқа қол қойды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл жөнінде клубтың баспасөз қызметі мәлім етті

Келісімшарт алдағы үш футбол маусымына жасалған. Қазақстандық футболшының команда құрамына қосылуына португалдық бапкер Педру Эмануэл қызығушылық танытты. 

Айта кетерлігі, Бауыржан Исламхан келісімшартқа қол қоюдан бұрын БАӘ-дегі карантин талабына сәйкес жеті күнге оқшауланды. Коронавирусқа байланысты екі мәрте сынама тапсырды. Толық медициналық қадағалаудан өтті. 

Бауыржан Исламхан биыл 31 қаңтарда «Аль-Айн» командасымен маусым айына дейін келісімшартқа қол қойған еді. Ол он ойында жасыл алаңға шықты. Қарсыластар қақпасын бір мәрте дәл көздеп, үш мәрте нәтижелі пас берді. Наурыз айында коронавирус пандемиясына байланысты аталған мемлекетте барлық жарыстар тоқтатылды. Кейіннен футбол біріншілігі аяқталғаны жөнінде шешім қабылданды. 

Енді ол командадағы әзге әріптестерімен бірге оқу-жаттығу жиынына қатысады. Футболдан БАӘ чемпионаты 3 қыркүйекте басталады деп жоспарланып отыр. 

Бауыржан Исламхан 1993 жылдың 23 ақпанында Тараз қаласында дүниеге келген. Футболшы мансабында «Тараз», «Астана», «Қайрат», Ресейдің «Кубань» клубтарында ойын көрсеткен.