13 там, 2020 сағат 10:58

Бауыржан Байбек Nur Otan-ның праймериз өткізу кестесін жариялады

Nur Otan-ның партияішілік сайлау өткізу ге қатысты республикалық күнтізбелік жоспары бекітілді. Бұл туралы партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Партиямыздың лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Nur Otan праймеризі еліміздің партиялық-саяси даму тарихында тұңғыш рет республикалық партияішілік сайлау ауқымында өтеді. Бұл – Елбасының бастамасымен қолға алынған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» партия жұмысын «қайта жандандыру» бағдарламасының қорытынды кезеңдерінің бірі. Біздің басты мақсатымыз – алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына партиялық тізімдерге енгізу үшін қоғамның қолдауына ие болған беделді партия көшбасшыларын анықтау», - деді Бауыржан Байбек.⠀

Оның айтуынша, кандидаттар праймеризге бастауыш партия ұйымының атынан немесе өзін-өзі ұсыну жолымен де қатысуы мүмкін. Бұл ретте партияның құндылықтарын ұстанатын және сайлау құқығы бар кез келген азамат үміткер бола алады.

«Бүгін Орталық ұйымдастыру комитетінің бірінші отырысы өтті. Жиын барысында партияішілік сайлаудың республикалық күнтізбелік жоспары бекітілді. Кандидаттарды ұсыну және тіркеу 17 тамыздан басталып 28 тамызға дейін жалғасады. Үміткерлерге үгіт жұмыстарына дайындалу үшін 7 күн беріледі - 31 тамыздан 6 қыркүйекке дейін.⠀

7 қыркүйектен 3 қазанға дейінгі аралықта кандидаттардың үгіт жұмыстарын, оның ішінде 14-30 қыркүйек аралығында жария пікірсайыстар өткізу қарастырылған. Пікірсайыстар партияның ресми аккаунттарында таратылатын «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы өтеді», - деді Бауыржан Байбек.

Осыған байланысты партия Төрағасының тапсырмасымен онлайн форматта дауыс беру үшін платформа әзірленді. 

«Праймериз» жүйесі тұрғындармен кері байланысты күшейтуді, жұртшылықтың пікірін ескере отырып, түрлі бастамалар мен заң жобаларын онлайн-талқылау мүмкіндігін көздейді. ⠀ 

1 қазан (00-00) мен 3 қазан (14.00) аралығында мобильді қосымша және арнайы веб-портал арқылы электронды дауыс беруді өткізу жоспарланып отыр. Дауыс берудің соңғы күні (3 қазан) бастауыш партия ұйымдарының базасында сайлау учаскелері ашылады. Интернет жоқ елді мекендерде осындай сайлау учаскелеріне келіп, қағаз бюллетеньдер арқылы дауыс беруге болады. Кандидаттардың рейтингі көрсетілген праймериз нәтижелері 5 қазанда жарияланады», - деді Бауыржан Байбек.