Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай ақын шығармаларынан үзінді оқу челленджі жалпыхалықтық сипат алды.
Бүгін «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек данышпан шығармаларынан үзінді оқу эстафетасын жалғастырды.
Бауыржан Қыдырғалиұлы эстафетаны әнші Мөлдір Әуелбековадан қабылдап алып, оны көрнекті жазушы Смағұл Елубайға, Парламент Мәжілісіндегі «Nur Otan» Фракциясының төрайымы Гүлмира Исимбаеваға және «Jas Otan» жастар қанатының белсендісі Айсұлу Ерниязоваға жолдады.
Бауыржан Байбек, «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары:
– Абай – қазақ руханиятының айнасы, кемел дүниетанымының көрінісі. Абай мұрасы – ақылдың кені, сарқылмас рухани қазына. Ұлы ойшылдың қай туындысын алсаңыз да, салиқалы ой, салмақты тұжырымға тұнып тұр.
⠀
Ұлы Абайдың өсиет еткен ой-пікірлері, бізге мұра етіп қалдырған қара сөздері мен өлеңдері тағлымды мән-мағынаға толы, қазір де өзекті. Олардың негізгі түйіні бірлік, еңбек және адамгершілік секілді басты құндылықтардың өзегінде тоғысқан. Қашанда елдіктің бастауы – бірлікте.
⠀
Осыған орай менің таңдауым хәкім Абайдың «Сәулең болса кеудеңде» өлеңіне түсті.
⠀
Сәулең болса кеудеңде,
Мына сөзге көңіл бөл.
Егер сәулең болмаса,
Мейлің тіріл, мейлің өл.
Көп шуылдақ не табар,
Билемесе бір кемел?
Берекелі болса ел –
Жағасы жайлау ол бір көл.
Жапырағы жайқалып,
Бұлғақтайды соқса жел.
Жан-жағынан күркіреп
Құйып жатса аққан сел,
Оның малы өзгеден
Өзгеше боп өсер төл.
Берекесі кеткен ел –
Суы ашыған батпақ көл.
Құс қаңқылдап, жағалап,
Сулай алмас жазғы төл.
Оның суын ішкен мал
Тышқақ тиіп, аспас бел.
Берекеңді қашырма,
Ел тыныш болса, жақсы сол.
Рас сөзге таласып,
Ақжем болма, жаным, кел!
⠀
Қазақ баласы осы құндылықтарға табан тіреп, ойын да, бойын да Абайға қарап түзесе, адаспайды. Бірлігіміз бекем, адамшылығымыз кемел, елдігіміз мәңгі болмақ.