23 қаң, 2019 сағат 12:03

Батысқа ілесем деп ата-баба салтын ұмытуға болмайды - Назарбаев

Батысқа ілесем деп ата-бабадан қалған салтты ұмытуға болмайды. Бұл туралы бүгін «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты Жастар жылының ашылуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жастардың бойында әлеуметтік жауапкершілік, қоршаған ортаны аялау сезімін қалыптастыру ең негізгі міндет. Себебі оның барлығы - болашақтарың. Әсіресе үлкенге құрмет, кішіге ізет білдірудің, мейірімділік пен адамгершілік қасиеттерді дамытудың маңызы зор. Біздің ата-бабамыздан қалған салтымыз бар.  Кішілер үлкенді сыйлайды, ерлер әйелді сыйлайды. Батысқа ілесеміз, демократ боламыз деп мұның барлығын ұмытуымызға  болмайды», - деді Елбасы.

Мемлекет басшысы қарттар үйінде қазақтың ата-әжелерінің отырғанына қабырғасы қайысатындығын баса айтты.

«Қазақта мұндай бәле болған жоқ. Әкесін, қартайған шешесін үйінде ұстайтын. Кіші баласын отау иесі деп  айтқан. Қазақта баласын жетімдер үйіне беру болған жоқ. Мұндай жетімдер үйі Қазақстанда болмауы керек. Жетім балар үйіндегі балаларды асырап алу қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, Астанада «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атауымен Жастар жылының ашылу салтанаты өтіп жатыр.

Шараға Үкімет мүшелері, ҚР Парламенті депутаттары, жергілікті атқарушы орган басшылары, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшелері, «100 жаңа есім» байқауының жеңімпаздары, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, жас ғалымдар қатысуда. Сонымен қатар бұл жиынға шығармашылық, студенттік және жұмысшы жастар өкілдері, жас спортшылар, дарынды балалар, заманауи медиа саласының өкілдері, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен түлектері, жас әскери қызметшілер келді.

Еске сала кетсек, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына өткен жылғы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын.  

Президент өз сөзінде жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керектігін айтқан болатын Ал, арада бір айдан астам уақыт өткенде Елбасы Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды.