Бүгін Сенаттың параламенттік тыңдау кезінде депутат Қуаныш Айтаxанов республикалық маңызы бар жолдар салған кезде облыс және ауданаралық жолдарды бұзып кететін мердігерлер туралы ҚР Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбекке сауал жолдады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Көптеген жерлерге жаңа құрылыс, жаңа жолдар саламыз да облыстардағы, аудандардағы жап-жақсы жолдарды бүлдіреміз. Сол жолдарда 40-50 тонналық жүк көліктері жүреді. Бұл жолдар ондай жүкке есептелмеген. Сондықтан езіп жібереді. Кейіннен құрылыс бітеді. Ол жолдар сол күйі қалып кетеді. Оны жөндеуге облыстық, аудандық бюджеттердің шамасы жетпейді. Мұндай жағдай республикада көптеп кездеседі. Бұл мәселе болашақта қалай шешіледі? Мүмкін ірі жол салатын кезде сол жолды пайдалану үшін қаржы бөлу керек шығар. Батыс Қытай-Батыс Еуропа жолы салынды да Жамбыл мен ОҚО-ның барлық жолдарын бүлдіріп кетті. Ал енді ол жолдарды қалыпқа келтіру үшін қыруар қаржы керек. Оны облыстық бюджет көтере алмайды. Осындай мәселелер көп. Көксарай су қоймасын салған кезде де осылай болды. Бұл жағдайға байланысты министрліктің жоспары қандай?» , - деп сұрады Қуаныш Айтаxанов.
Өз кезегінде ҚР Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек мұндай мәселенің бар екенін, оны алдағы уақытта шешу үшін жұмыстар істеліп жатқанын айтты.
«Мұндай мәселе бар. Батыс Қытай-Батыс Еуропа жолын салғанда Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облысында осындай мәселе туындаған. Бүгінгі таңда бұл мәселе шешіліп келеді. Мердігер үлкен жол салатын болса, міндетті түрде айналма жол салу керек. Ондай мүмкіндік болмаса, жергілікті жолды пайданады. Бірақ, ол үшін мердігер жергілікті әкімдікке қаржы төлейді. Біз бұл мәселелерді рет-ретімен шешіп жатырмыз», -деді Жеңіс Қасымбек.