Батыс Қазақстан облысында коронавирус індетінен бір науқас көз жұмды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" coronavirus2020.kz сайтына сілтеме жасап.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткеніндей, 1967 жылғы ер адам – Орал қаласының тұрғыны. Ол Теңіз кен орнында вахталық әдіспен жұмыс істеген.
Марқұм 3 мамыр күні Оралға автобуспен келген. Блокпостан карантиндік стационарға жатқызылып, Covid-19-ға алынған сынама теріс нәтиже көрсеткен.
Эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, қарым-қатынаста болған адам ретінде провизорлық стационарға ауыстырылған. 9 мамыр күні алынған сынама да теріс нәтиже көрсеткеннен кейін үй карантиніне жіберілген. 10 мамырдан бастап медицина қызметкерлерінің бақылауында болған. Сол күні тамағы жыбырлап, әлсіздік пайда болып, тәбеті төмендеген.
Алайда содан кейінгі тоғыз күн бойы көмекке жүгінбеген, медицина қызметкерлері күн сайын қоңырау шалған кезде денсаулығына шағымданбаған.
19 мамыр күні денсаулығы нашарлап, жүргенде демі жетпей, халі әлсіреген, төсегінен тұра алмаған. Жедел жәрдем бригадасымен провизорлық стационарға жеткізіліп, сынама алынған уақытта коронавирус табылды.
Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында кезекші дәрігер қарағаннан кейін демалысы қиындағандықтан, бірден жансақтау бөліміне жатқызылған.
Жансақтау бөлімінде ауыр жағдайда болған науқастың 30 мамыр күні жүрегі соғуын тоқтатты.
Өлім нәтижелерін зерттеу жөніндегі комиссия бұл жағдайды коронавирустық инфекциядан қайтыс болған деп тіркеуге шешім қабылдады.
Бұл дерек коронавирус дертінің қауіпті екендігін, егер дер кезінде дәрігер көмегіне жүгінген кезде өлімнің алдын алып, науқастың жазылып кетуіне мүмкіндігі болғандығын көрсетеді.
Қазақстан бойынша барлығы 41 адам қайтыс болды.