Фото: Tengrinews.kz
Бас әскери прокуратура Астанада қаза тапқан 21 жастағы Ұлттық ұлан сарбазы Қайсар Сұлтановтың ісі бойынша тергеудің барысы туралы хабарлады. Бұған дейін сараптама нәтижесінде оның басынан екі оқ тигені анықталған еді, деп жазады Ult.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Қайсар Сұлтанов Астанадағы №6636 әскери бөлімінде қызмет еткен. Ол 2023 жылдың 9 қазанынан 10-ына қараған түні көз жұмған. Одан бір күн бұрын анасы Сауле Тлеубергенова ұлын демалыс кезінде көріп, ешқандай күмән тудырарлық жағдай байқамағанын айтады.
Марқұмның анасының айтуынша, қылмыстық іс үш рет «қылмыс құрамының болмауына байланысты» жабылған. Қазір іс ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы («Өзін-өзі өлтіруге итермелеу») бойынша қайта тергеліп жатыр. Алайда Сауле Тлеубергенова баласының өз-өзіне қол салмағанына, оны өлтіріп кеткеніне сенімді. Оның пікірінше, бұл іске қатысы бар адамдар әлі де Ұлттық ұлан қатарында қызмет етіп жүр.
Прокуратураның ресми жауабы
Бас әскери прокуратура редакция сауалына берген жауабында:
«Қазір Орталық өңірлік әскери-тергеу басқармасы әскери қызметшінің өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу аясында кешенді жедел және тергеу шаралары жүргізілуде, сот сараптамасы тағайындалды», — деп мәлімдеді.
Алайда ведомство өзге деректерді жария етуден бас тартты. Себебі Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу деректерін жариялауға тыйым салынған.
«Басынан екі рет атылып, суицид деді»
Сараптама қорытындысына сәйкес, Қайсар Сұлтановтың денесінен екі оқ жарақаты табылған.
«Сарапшылардың айтуынша, алғашқы оқ төменнен жоғары бағытта атылған, жарақат — бас сүйегіне және маңдай бөлігіне тиген. Ал қорытындыда көрсетілгендей, екінші оқ алты минуттан кейін атылған. Бірақ бірінші жарақаттан кейін Қайсар саналы әрекет жасай алмайтын жағдайда болған», — дейді марқұмның анасы.
Оның сөзінше, тергеушілер бейнебақылау камераларының жазбаларын уақытылы тәркілемей, кейін қол жеткізгенде бірқатар файлдар жойылып кеткен. Сондай-ақ оқ атылған қарудан саусақ іздері алынбаған.
Анасы ұлының әскери бөлімде қару ұрлығына куә болған болуы мүмкін екенін, сол себепті көзін жойған деген болжам айтады. Сұлтановтар отбасы істі «Адам өлтіру» бабына қайта саралап, бейнематериалдарды жою мен дәлелдерді жасыруға қатысы бар барлық адамдарды жауапқа тартуды талап етуде.
