26 қаз, 2022 сағат 16:07

"Басшылардың айтқаны - заң" деген ұғым келмеске кетеді - Тоқаев


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шенеуніктердің жұмысын бағалаудың баста көрсеткішін атады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Мемлекеттік қызметшілер жалынды ұран мен жалаң сөзге үйір болмауға тиіс. Олар барынша тиімді әрі өнімді жұмыс істеуі қажет. Халыққа әдемі жоспарлардың қажеті жоқ. Әдемі баяндамалар да қажет емес. Жұрттың күтіп отырғаны – нақты шешімдер және нәтижелі жұмыс", - деді Тоқаев сайлауалды штабтың отырысында.

Оның айтуынша, барша халықтың әл-ауқатын арттыру шенеуніктердің басты бағдарына айналады.

"Олардың кәсіби қызметі сол арқылы өлшенеді. Өйткені, бұл – біздің жалпыұлттық мақсатымыз. "Басшылардың айтқаны - заң" деген ұғым келмеске кетеді. Бірінші орында халықтың және мемлекеттің мүддесі тұруы керек", - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.

Осы орайда Президент әрбір азамат ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла» деген өсиетін берік ұстануы қажет екенін айтты.

"Салааралық тартысқа және шағын топтың мүддесін астыртын қорғауға түбегейлі тыйым салынады. Сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу үшін нақты нәтиже беретін тиімді тәсілдер қолға алынады" - деді Тоқаев.