28 қаз, 2016 сағат 16:50

Баспананы құрылыс компанияларының салуына қарсымын – Д.Бабамұратов

Келесі жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы өз жұмысын бастағалы отыр. Бағдарлама бойынша 2031 жылға дейін тұрғындарға 600 мың жер учаскесі үлестіріледі. Бұл жоба қарапайым азаматтардың баспаналы болуына өз септігін тигізбек. Бірақ, құрылыс компаниялары бұл бағдарламаға қатыспауы керек. Астанада «Нұрлы жер» тұрғын үй саясаты және оны жүзеге асыру асыру тетіктері» тақырыбында өткен отырыста «Болашақ» жастар қозғалысының жетекшісі Дәурен Бабамұратов осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Сөздің шыны керек, Үкімет қолға алған барлық бағдарламаға үлкен үмітпен қарап келдік. Осы жолы да солай. Бұл бағдарламаға да зор үміт артып отырмыз. Нәтиже береді деп ойлаймыз. Оған Қызылорда мен Ақтөбе облыстары дәлел. Мысалы, Қызылордада 6600 жер учаскесі өз иелеріне берілді. Ал «Жер туралы» кодекстің 43-бабында «Қазақстанның әрбір азаматы 10 сотық жерге иелік ете алады» деп айтылған», - деді ол.

Дәурен Бабамұратов аталған бағдарлама халық арасында тұрғын үй мәселесін шешуге өз септігін тигізетінін айтты.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бір отбасы жер телімін алса, ол – үлкен жеңіс. Менің ойымша, бұл бағдарлама тұрғын үй мәселесін шешуге септігін тигізеді. Ал 600 мың жер учаскесі халыққа берілсе, үлкен көмек болмақ. Қазіргі таңда елімізде шамамен 4 миллионға жуық отбасы бар делік. Оның 600 мыңы, яғни халықтың 12-15%-ы жер алып, баспаналы болса үлкен жеңіс емес пе. Бірақ жер телімін алған соң, оны пайдалану керек. Үй салу керек. Сонда ғана жер телімі сол адамның меншігіне беріледі», - деді ол.

Алайда, қоғам белсендісі баспананы құрылыс компанияларына салғызуға қарсы.

«Жоқ, мен мұны қолдамаймын. Өз басым бұған қарсымын. Тұрғындар өз үйін өздері салып алуы қажет. Ал құрылыстың қалай болса солай жүргізілуіне жол берілмеу тиіс. Бірақ, үйді салмас бұрын тұрғын жергілікті билік өкілдерімен құрылысқа қатысты жұмыстарды реттеуі керек. Үйлерді құрылыс компанияларының салуына қарсымын», - деді ол.

Дәурен ЕРБОЛАТ