ҚР Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Ақберен Елгезек қазақ тіліндегі кітап басып шығару және тарату ісіндегі мәселелер туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ешкімге құпия емес, қазір еліміздің барлық дүкендерінде қазақ тілінде жазылған кітаптар жетім бұрышта тұр. Бұл туралы талай айтылды, талай жазылды, бірақ нақты шешімін таппады. Оның себебі біреу-ақ – мәселе заң аясында көрсетіліп, шешілмеген. Мысалы өзімнің «Болмаған балалық шақ» атты кітабымды «Меломан» дүкені қабылдаған жоқ. Жоғары жаққа хабарласып, араға адам салып, уақытты созып жүріп, әрең өткіздік. Олардың айтатын уәжі – қазақ тілінде кітап оқылмайды, оны ешкім сатып алмайды дейді. Оның бәрі өтірік. Қазіргі жастар кітапты жақсы оқиды. Кейін де «Меломан» осы кітабымды екі рет қайталап сұрады, яғни бәрі сатылып кеткен», - деді ол Мәдениет және спорт министрлігінің алқа отырысында.
Оның айтуынша, Мәдениет министрлігі Баспа ісі және кітап саудасы туралы заңды қабылдауға бастама көтеруге тиіс. Ол заң біріншіден, қазір кітап шығару ісінде монополиске айналған көптеген ірі баспалардың ықпалын азайтар еді. Баспалар авторлармен жұмыс істеп, шынайы нарық қалыптастырар еді. Бұл әдебиеттің дамуына зор серпін береді.
«Қазір «қоғамдық маңызы бар» деген атаумен жылда кітап шығып жатыр, олар ешкім қарамайтын кітапханаларға жіберіледі, нақты оқырманның қолына жетпейді. Қоғамдық маңызы бар әдебиет деген бағдарлама кітаптары мектеп кітапханаларында бар ма? Оның екі сала екені түсінікті, бірақ мемлекет бізде біреу. Сондықтан, Білім министрлігімен бірлесе отырып, бұл мәселені шешуге болады деп ойлаймын. Қазір мектеп кітапханаларында қазақ тіліндегі кітаптар саны 27 пайыз. Демек, қалған 73 пайызы орыс тілінде деген сөз. Отыз жыл бойы шығып келген көркем әдебиет ол мектептерге жетпеген, мектеп сөрелерінде сол социалистік-реализм талабымен шыққан ескі идеологияны насихаттайтын әдеби кітаптар тұр. Бұл туралы арнайы рсепубликалық кітапханашылар семинарында айтылды, сондықтан бұл сандар ойдан шығарылмаған», - деп атап өтті Ақберен Елгезек.
Спикер Баспа ісі жөніндегі заң қабылданып, нақты ережелер жазылса, шаруа біршама шешілетінін айтты.
«Мысалы кітап дүкендерінде кезінде БАҚ-қа қатысты жасағандай 50/50 ережесін жасауға болады – яғни, кітап дүкендеріне 50 пайызын қазақша кітап етуді міндеттеу керек. Баспа ісі жөніндегі заң жобасын интернеттен қарап шықтым, оны Ермұхамед Ертісбаев жасаған болатын. Соны заманауи түзету енгізіп, қабылдау керек деп есептеймін.
Үшіншіден, қазақ әдебиетін қолдау туралы үш жылға арналған мемлекеттік бағдарламаны қабылдайтын уақыт келді. Себебі әдебиет – баршаңыз білетіндей рухани қазынамыз. Ол бағдарламада көркем аударма ісі және басқа да көптеген мәселелер қамтылуы керек. Тарқатып айта берсек, мәселе көп. Бірақ ниет болса, бағдарлама жасап шығуға әзірміз», - деп қорытындылады қаламгер.