Баскетболдан Қазақстан құрамасы 2021 жылғы Азия кубогына іріктеу кезеңінде Палестинадан басым түсті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Естеріңізге сала кетелік, қазақстандық баскетболшылар F тобында сынға түсуде. Қарсыластары - Иордания, Палестина және Шри-Ланка құрамалары.
Бүгін қазақстандықтар Палестинаны 93:56 есебімен жеңді.
Топтағы алғашқы ойындар 2020 жылдың 21 ақпанында басталды. Сол күні Қазақстан Палестинаны 79:76 есебімен жеңді. Одан кейін 24 ақпанда Иорданияға 68:71 есебімен жол берді.
Бұдан кейін коронавирус инфекциясына байланысты ойындар кейінге шегерілді. Ол биылғы жылдың 18 ақпанында қайта жалғасты. Қалған ойындардың барлығы Бахрейнде өткізілетін болып шешілді. Сол күні қазақстандық баскетболшылар Шри-Ланканы 111:52 есебімен сүріндірді.
Қазақстан құрамасы төрт ойыннан кейін 7 ұпай жинап, көш басында тұр. Одан кейінгі орында олардан екі ойыннан 4 ұпай жинаған Иордания келеді. Ал 3 кездесу өткізген Палестинаның 4, Шри-Ланканың 3 ұпайы бар.
Қазақстан келесі ойынын 21 ақпанда Иорданияға қарсы өткізеді. Ал 22 ақпанда Шри-Ланкамен тағы бір мәрте шеберлік байқасады.
Айта кетейік, Азия кубогы 16-28 тамыз аралығында Индонезияда өтеді. Әрбір топта бірінші және екінші орын алған құрамалар аталған турнирдің финалдық кезеңіне тікелей жолдама алады. Үздік үштікке іліккендер қосымша кезеңде сынға түсіп, жолдамаларды сарапқа салады.