21 ақп, 2022 сағат 16:53

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 193 газ құю станциясын тексеріп жатыр


Мемлекет басшысының 5 қаңтардағы тапсырмасы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 193 бөлшек автомобильге газ құю станциясына қатысты тергеп-тексеру жүргізіп жатыр, оның 89-ы Бас прокуратурамен бірлесіп жүргізіледі. Бұл туралы аталған ведомоствоның ресми сайтында хабарланды.

Бас прокуратураның тексеруі шеңберінде Агенттік 44 нарық субъектісінің әрекеттерінде келісілген әрекет және картельдік сөз байласуды ұйымдастыру фактілерін анықтаған.

"Сондай-ақ қазіргі кезде прокуратура органдарының ұсыныстары негізінде Ақмола, Қызылорда және Қостанай облыстары мен Шымкент қаласы бойынша аумақтық монополияға қарсы департаменттер 32 нарық субъектісіне қатысты әкімшілік істер қозғады, материалдар сотқа жіберілді.

Солтүстік Қазақстан облысы мен Нұр-Сұлтан бойынша аумақтық монополияға қарсы департаменттер 7 нарық субъектісі бойынша материалдарды қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін қарау үшін Экономикалық тергеу департаментіне жіберді.

Атырау облысында 2 нарық субъектісі бойынша таяу арада әкімшілік істер қозғалатын болады", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар прокуратура органдарынан қадағалау актілері келіп түскен жағдайда басқа тергеп-тексерулер бойынша әкімшілік істер қозғалады.

Қалған нарық субъектілері бойынша бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзушылық белгілерін анықтау бойынша жұмыс жалғасып жатыр.