Бас прокуратура әкімдіктердің жайылым алқаптарын бөлу, ауыл маңындағы жайылымдарды ұзақ мерзімге жалға беру кезінде заңды қаншалықты сақтағанын тексеріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр Мәжіліс өкілдерінің депутаттық сауалына берген жауабында осындай ақпар берді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Бас прокуратура әкімдіктердің қызметінде жайылымдық алқаптарды бөлу, оның ішінде ауыл маңдарындағы жайылым алқаптарды ұзақ мерзімге жалға беру кезіндегі заңдылықтың сақталуына тексерулер жүргізуде. Бұл жұмыс жыл аяғына дейін жүргізілетін болады және нәтижесі бойынша заңсыз берілген жер учаскілерін қайтару бойынша тиісті шешімдер қабылданады. 2019 жылдың басынан бері 5,36 млн гектар алқапта пайдаланылмаған жайылымдар анықталды. Оның ішінде 2,31 млн гектар қайта айналымға тартылды. 1,11 млн гектар мемлекеттік меншікке қайтарылды. Ал 1,94 млн гектар жайылымдық жерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша сот процестері жүріп жатыр», - деді вице-Премьер.
Ол, сондай-ақ, жайылымдарды басқару жоспарының ашықтығын қамтамасыз ету үшін жобаларды интернет ресурсына орналастыру қолға алынғанын еске салды.
«Жоспарларды әзірлеу кезіндегі кемшіліктерді жою үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі Парламент Мәжілісінің Аграрлық комитетімен бірлесіп, жоспардың пилоттық жобасын әзірлеп, үлгі ретінде барлық облыстар әкімдіктеріне жіберді. Осыған байланысты, қабылданған 144 жоспар осы үлгілік жобаға сәйкес қайта пысықталынып қабылданды», - дейді Роман Скляр.