ҚР Паламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасында қылмыстық қудалау және жазаны орындау саласындағы адам құқықтары туралы» тақырыбында өтіп жатқан жиында елде қылмыс саны азайғанымен оны тергеу кезінде азаматтардың құқығын бұзу фактілері еселеп өскені айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы ҚР Бас прокурорының орынбасары Ерлік Кененбаев айтты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылдан бастап үш буынды модельді кезең-кезеңмен енгізуге кірістік. Бұл реформа бірнеше себептерге негізделген», - деп бастады Бас Прокурордың орынбасары.
Сондай-ақ ол қылмыстық процестер кезінде жол берілген заңсыздықтар бойынша прокуратура органдарының кешігіп әрекет ететіні туралы сын көп айтылғанын еске алды.
«Қазақстанда соңғы 6 жылда қылмыс саны 2,5 есе төмендеген. Бірақ, сонымен қатар, қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын бұзу 6 есе өскен. Қоғам тергеу жұмысының сапасына наразы болды. Бізге істі созбалаңға салу, өкілеттікті теріс пайдалану туралы шағымдардың шексіз ағыны келіп жатты. Біздің тарапымызға бұл тұрғыдағы заң бұзу фактілеріне «постфактум» режимде назар аударған деген сын айтылды.
Прокурорлар тергеу материалдарымен тек істі сотқа жолдардың алдында ғана немесе іс іркілгенде және тоқтатылған кезде ғана танысып келді. Басқаша айтсақ, прокуорлар сотқа дейінгі тергеу істеріне формалды түрде ғана араласып келген еді», - деді Ерлік Кененбаев.
Оның айтуынша, қылмыстық процедуралардың үш буынды моделі енгізіле бастаған тұстан бері прокурорлардың заң аясындағы мүмкіндігі артқан.
