12 сәу, 2023 сағат 12:55

Генерал Күдебаев Бішкектен Ыстамбұлға ұшып кеткен - Бас прокуратура

 Коллаж: Orda.kz

Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Мәжіліс кулуарында қашқын полиция генералы Серік Күдебаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Маңыздылығын ескере отырып, Бас прокуратура істі өз бақылауына алды. Іздеу жұмыстарына ең тәжірибелі қызметкерлер тартылған.

Қырғызстанға сұраныс жібердік, енді бірлескен іздестіру шараларын жүргіземіз. Қырғызстандық әріптестеріміздің мәліметінше, Күдебаев оларға жетіп, Манас әуежайы арқылы Ыстамбұлға ұшып кеткен. Бұл ақпаратты олар қазір беріп жатыр.

Түркиямен де келісіміміз бар, қазір олармен жұмыс істеп жатырмыз. Біз барлық ақпаратты бере алмаймыз, адам қашып жүргендіктен, бұл тергеуге зиян тигізуі мүмкін", - деді Өмірәлиев журналистерге.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысы Полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланғаны хабарланған еді.