29 мам, 2020 сағат 17:45

Бас прокуратура: Қордайда тәртіпсіздік жасағандардың басым бөлігі – жастар мен жұмыссыздар

ҚР Бас прокуратурасы Арнайы прокурорлары қызметінің басшысы Ризабек Ожаров Қордай оқиғасы бойынша жүргізіліп жатқан қылмыстық тергеп-тексеру жұмыстары туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы жылдың 7-8 ақпанында Қордай ауданының үш ауылында 2 мыңнан астам адамның қатысуымен жаппай тәртіпсіздіктер болды. Соның салдарынан 11 адам қаза болды, оның 10-ы өлтірілген. Бір адамның мәйіті өртенген сауда үйінің арасынан табылды. 140 адам мен 20 полиция қызметкері түрлі жарақат алды. 164 тұрғын үй мен сауда нысаны, 100-ден астам автомашина бүлінді. 342 адам жәбірленуші деп танылды. 400-ден астам түрлі сот сараптамалары жасалды. Мың жарымнан астам адамнан жауап алынды», - деді Ризабек Ожаров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн баспасөз мәслихатында. 

Спикер тәртіпсіздіктерді бастаушылардың және оларға қатысқандардың жанжалдасқан екі тараптан да болғанын атап өтті. Қылмыстық жауапқа 59 адам тартылып жатыр, олардың арасында түрлі ұлт өкілдері, соның ішінде қазақтар мен дүнгендер бар. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қордай оқиғасы бойынша Қылмыстық істерді тергеп-тексеру ерекше бақылауға алынды. Осы мақсатта Бас прокурор арнайы прокурордың басшылығымен ведомствоаралық тергеу тобын құрды. 

«Біз адам өлтіру, жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу, полиция қызметкерінің өміріне қол сұғушылық, ұрлық, тонау, қарақшылық және мүлікті жою фактілері бойынша 29 қылмыстық істі тергеп-тексеріп жатырмыз. Күш қолданған және Масаншы, Бұлан батыр, Ауқатты ауылдары тұрғындарының мүлкін қиратуға, өртеуге, бұзуға қатысқандардың негізгі бөлігі – жастар, жұмыссыздар. Олардың арасында адам өлтіру, қарақшылық, бұзақылық, тонау, зорлау үшін сотты болғандар да бар. Тәртіпсіздік барысында қылмыстар денсаулық пен азаматтардың мүлкіне барынша зиян келтіру үшін атыс қаруын, «Молотов коктейлі» деп аталатын жандырғыш қоспаларын, тастар мен өзге де қолда бар құралдарды пайдалану арқылы жасалған», - деді ол. 

Ал күдіктілердің оқиғаға қатыстылығы куәлардың айғақтарымен, елдімекендерде орналасқан бейнекамералармен, ұялфы телефонға түсірілген қолда бар бейнежазбалар арқылы расталды. Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны анықталған әрбір күдіктің әрекетіне іс бойынша жиналған барлық айғаққа мұқият талдау жасағаннан кейін баға берілді. Бостандықта жүрген 12 күдікті адамға жеке кепілгерлік түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған. 

«Кінәсін мойындағандары, тергеуге көмектескендер, қылмыс жасаудағы екінші деңгейдегі рөлде болғандар отбасылық және денсаулық жағдайлары ескеріле отырып 8 адам қамаудан босатылды. Күзет қойылған адамдардың құқықтарын іске асыру мақсатында Карантин жағдайында барлық қамаудағыларға туыстарымен бейнебайланыс арқылы сөйлесуге мүмкіндік берілді. Ведомствоаралық тергеу тобы істің мән-жайын толық объективті, жан-жақты зерттеуді қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыруда. Басқа ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды», - деді спикер. 

Сонымен бірге, Арнайы прокурорлары қызметінің басшысы күдіктілердің заң алдында бірдей екенін айтып, тұрғындарға үндеу жасады. 

«Құрметті азаматтар! Соңғы кездері әртүрлі адамдар тарапынан жүргізіліп отырған тергеу-тексерудің объективті еместігі және ағаттықпен жүргізілгені туралы расталмаған ақпарат айтылып жүр. Тергеу үшін барлық күдікті ұлтына қарамастан, Қазақстан Республикасының азаматтары болып саналатынын ерекше атап өткім келеді. Біздің негізгі заңымыз – Конституция ұлтына байланысты қандай да бір кемсітуге тыйым салады. Тергеп-тексеру барысында тек қана Қылмыстық процестің заңнамалық нормаларын басшылыққа аламыз. Барлық күдіктілер білікті заңгерлік көмекпен қамтамасыз етілген. Олар қатысатын әрбір тергеу іс-қимылы адвокаттың көз алдында өтеді. Ведомствоаралық жедел тергеу тобы мүшелерінің құқыққа сыйымсыз әрекеттері туралы барлық хабарламалар мен өтініштер мұқият тексеріледі. Қазіргі уақытта олардың әрекеттерінен қандай да бір заңбұзушылықтар анықталған жоқ. Азаматтарды шынайы емес мәліметті таратпауға және тек қана ресми ақпаратқа сенуге шақырамын», - деді Ризабек Ожаров. 

Еске сала кетсек, 7 ақпан күні Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Масаншы ауылының тұрғындары арасында жаппай төбелес болды.