Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен дін қызметкерлері пәтер жалдап тұратын 8 балалы отбасыға жұмыла көтеріп, үй салып берді. Бұл туралы ҚМДБ баспасөз қызметі хабарлады.
Алматы облысында 2 бөлмелі пәтер жалға алып, күн көріп жүрген отбасының тағдыры туралы алғаш болып телеарналарда айтылған болатын. Дін қызметкерлері көпбалалы ананың жағдайы туралы материалды көрген соң бұл мәселеге бей-жай қарай алмады. Нәтижесінде баспананы армандаған көпбалалы отбасы үйлі болды. Жаңа үйге көшкен отбасына Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы арнайы барып, жағдайларымен танысып, үйде тұтынуға қажетті дүниелерді сый ретінде табыстады.
«Бүгін ақ түйенің қарыны жарылған күн. Өйткені, отандық телеарналардан көмек сұраған көпбалалы ана туралы жаңалықты көргенен кейін, қол ұшын созып жәрдем береміз деп шештік. Екі жарым айда осы үйді салып, отбасының игілігіне беріп отырмыз. Бұл атқарып жатқан игі жұмыстарымызды көпшілікке көрсетпеуімізгеде болатын еді. Бірақ, бұл жұмыс басқа қалталы азаматтарға ғибрат болса екен деген ниетіміз бар. Алла Тағала осы жанұяға береке берсін. Кіштентай бүлдіршіндер халқына қызмет ететін азамат болсын», – деп батасын берді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Бұған дейін пәтер жалдап, өмірдің тауқыметін сезінген көпбалалы отбасының отағасы Марат Байсынов Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлына алғыс айтып, ризашылығын жеткізді. Жаңадан тұрғызылған 5 бөлмелі үй қаланың шет жағында, Нұра елдімекенінде орналассада, отбасы өз үйінің бар болғанына қуанып отыр.
Баспана қиындығын бастан өткізген Гүлнұр Рахымжанқызының қуанышында шек жоқ. Өйткені, енді ел қатарлы өмір сүріп, балаларым қоғамға пайдалы азамат болып өссе дейді. Қуаныштан көзіне жас алған көпбалалы ана Діни басқарма қайырымдылық аясындағы шаралардан қалдырмай қолдау көрсетіп келе жатқанын жеткізді.
Өз сөзін үйге қалай қол жеткізгенінен бастаған ананың көзінен қуаныштың нұры анық сезіледі. Үйлі болған ана балалар өз шаңырағынан шығып мектепге барғанға қуанатынын айтады.
«Имамдар келіп үй салып береміз дегенде қатты қуандым. Қуанышты хабарды балаларға келіп айтқанымда «уақытында көреміз ана, асықпаңыз» деді. Бірақ, үй салынып болған соң алғаш қоныстанғанымызда балалардың шаттығында шек болған жоқ. Балалар өз үйінен шығып мектепге барғанға риза. Мектепке дейінгі дайындық сыныбында оқитын Рамазан есімді балам жексенбі күні «ертен сабаққа барамын» деп қатты қуанады. Бұдан асқан бақыт барма?! Бір аралықта күйеуім ауырып, төсектен тұра алмай қалғанда қатты қиналдық. 15 жыл пәтер жалдап тұрдық. Ізгі жандардың демеуімен енді бәрі артта қалды. Иманды, мейірімді жандарға алғыс айтамын», – дейді көпбалалы ана Гүлнұр Рахымжанқызы.
Бұл отбасы үшін енді бәрі артта қалды. Себебі бүгінде ол жаңа баспанаға қол жеткізіп, қоныс тойын тойлауда. Тек қана баспана емес, отағасының ауыл шаруашылығымен шұғылдануға ниеті барын білген дін қызметкерлері бұзаулы сиыр да сатып әперген. Үй шаруасымен айналысатын отағасы 2-топтағы мүгедек. Ал, жұбайы Гүлнұр Рахымжанқызы қалада бір мекемеде тазалықшы болып жұмыс жасайды. Енді дін қызметкерлері көпбалалы ананы жақын жердегі мекемелердің біріне тұрақты жұмысқа орналастырып бермек.
Нұра елдімекенінде үй ауыз су, жарық секілді мәселе өз шешімін тапқан. Жаңа қонысқа көшкен отағасы енді үйінің алдына қақпа орнатуды жоспарлап отыр. Үй үлкен жолға жақын орналасқан және мал шаруашылығымен шұғылдануға қолайлы.
Игі шараға Бас мүфтимен бірге Талғар ауданы, Нұра ауылдық округінің әкімі Данияр Күнгей, Алматы қаласының бас имамы Нұрбек Есмағанбет, ҚМДБ іс басқарушысы Ербосын Орын, «Зекет» қорының директоры Әлішер Спанов қатысты.