Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ел азаматтарын бір-біріне жанашырлықпен қарауға шақырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазақы дүниетанымымызда да, сан ғасырдан бері ұстанып келе жатқан асыл дініміз Исламда да «жақын» деген ұғым тек қана үйдегі ата-ана, аға-бауыр, әйел, бала-шағаға қатысты қолданылмайды. Алланың ақ жолын, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін ұстанып келе жатқан халқымыз үшін көрші де, алыс-жақын ағайын-туыс, дос-жаран жақыны саналады.Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ еліне үндеу жасады. Сын сағатында сынбай, бір-бірімізге қарайласып, қол ұшын созып, шама келгенше материалдық және моральдық қолдау білдіріп, ең бастысы, осы індет өршіп тұрған шақта сақтық шараларына баса көңіл бөлуге тағы да үндеді. Қара жамылып отырған отбасыларға көңіл айтып, ауырып жатқандарға сауығып кетуін тіледі. Бұған қоса, Президент 13 шілде – Ұлттық аза тұту күні болып белгіленгенін мәлімдеді», - деді Бас мүфти.
ҚМДБ төрағасының атап өтуінше, мұсылмандар тұтас бір ағза секілді. Қол сынса, көз қуанған емес, бәлкім, ол үшін жасын төгеді, ал көзден жас ақса, оны қол сүртеді.
«Осы орайда мен де ел Президентінің Үндеуіне толықтай қосыла отырып, ел азаматтарынан бір-біріне жанашырлықпен қарап, шама келгенше қолдау көрсетуге, жәрдемдесуге шақырамын. Өмірін бәйгеге тігіп, ұлт саулығы үшін аянбай еңбек етіп жатқан ақ халатты абзал жандарға алғысымды білдіремін. Сондай-ақ дәрі-дәрмекті, ең қажетті тұрмыстық заттар мен азық-түлікті осындай қиын-қыстау мезгілде қымбаттатпауға шақырамын. Ал барша қазақстандықтарды 13 шілде күні барша әлемнің Раббысы бір Алладан дұға тілеп, көп истиғфар айтып, Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көптеп салауат айтып, сол күні бір мезетте республика имамдарының, медресе ұстаздарының Құран Хатым дұғасына қосылуға шақырамын. Баршаңызға Алла Тағаланың сәлемі мен рақымы, берекеті болсын! Алла қаласа бұл күндерді де бірлігімізбен еңсереміз!», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.