Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы дәрі бағасын қолдан қымбаттатпауға шақырды, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Асыл дінімізде қажет уақытта керек көмекті жасау үлкен сауапты амалдың біріне жатады. Сындарлы сәтте науқас жандарға қажетті дәрі-дәрмекті жеткізіп, алғысын алайық. Дәрі бағасын қолдан қымбаттатуға жол бермей, жақсылық жасауға асығайық. Ал жұртымызды жұқпалы індеттен арашалап алуға бар күшін жұмсап, жән-тәнімен қызмет етіп жүрген ақ халатты абзал жандарға жылы сөзімізді арнап, жігерін оятайық. Олар үшін әрдайым дұғада болайық», - деді ҚМДБ төрағасы видеоүндеуде.
Бас мүфтидің көптеген азамат сынақ сәтінде садақа беріп, құрбан шалып, дұға етіп жатқандығын атап өтті. Садақамыз бен құрбандығымыз осы бір нәубетті кезеңнен аман-есен өтуге себепкер болсын деген тілегін жеткізді.
«Біз тағы да жамағатпен дұға жасап, истиғфар, салауат айтуға ниет етіп отырмыз. Халық даналығы: «Көп тілегі көл болар« дейді. Баршаңызды көппен бірге ел игілігі үшін дұға жасап, салауат пен истиғфар айтуға шақырамын. Халқымыз: «Ауыр жол – атаңды сынайды, ауыр іс – адамды сынайды» деген. Расында бұл сынақ жас пен жасамысқа оңай тиіп жатқан жоқ. Алла Тағала дертке шалдыққандарға шипа беріп, дәм-тұзы таусылған жандарды мейіріміне алғай. Әмин!», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.