Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиев Словакиямен болған матчты қорытындылау үшін баспасөз мәслихатына қатысып, тілшілердің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚФФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
- Бүгінгі ойын жайлы не айтасыз?
- Кез-келген команданың өз ерекшеліктері болады. Біз Словакияның мықты ойыншыларын тұсап ұстауға тырыстық. Қарап қалмай, қарымта шабуылдарға шығып, гол соғатын мүмкіндіктер жасадық. Әрине, қарсылас допқа көп иелік етті.
Біз он күн ішінде небәрі он бес шақты футболшымен ойнап шықтық. Еліміздің көрсеткен қолдауын да айта кету керек. Олар бізге күш беріп, алға жетеледі.
- Қазақстан құрамасының мұндай жетістікке жетуіне не себеп болды?
- Футболда жеңіспен бірге, жеңіліс те қатар жүреді. Беларусьпен өткен матчтың соңғы жағында гол жіберіп, ұтылып қалуымыз мүмкін еді. Ең бастысы, біз бапкерлер штабымен бірге киім ауыстыратын бөлмедегі атмосфераны жақсарта алдық. Командада мықты ойыншылар мен үздік бапкер бола тұра, бірлік болмаса, нәтижеге жету өте қиын.
Футболшылар бар күшін салды. Бұл олардың мерекесі. Бас бапкерге қарағанда ойыншылардың еңбегі көп болды. Алғаш рет жеңісті осылай тойлаған шығармын. Жігіттердің арқасында эмоцияға ерік беріп, балаша қуандым. Бұл үшін оларға көп рахмет!
- Ұлттық құрамаға көп шақыртылмайтын Михаил Габышевтің ойынын қалай бағалайсыз?
- Тимур және Мишамен «Шахтерде» бірге жұмыс істедім. Оларды ұлттық құрамаға не үшін шақырғанымды жақсы білемін. Қос қапталға әр ойын сайын ротация жасау қажет болды. Сол қапталда Тимур, Ян және Ғафур, ал оң қапталда Михаил мен Бағдат ойнай алады. Словакиямен болған екі матчта да Габышев өнер көрсетті. Себебі бұл ойынға оның қарым-қабілеті керек деп есептедік.
- Беларусьпен болатын ойынды Ақтөбеде өткізу жоспарда бар ма?
- Мен Ақтөбедегі стадионға бапкер ретінде екі рет барып, тамаша атмосфераның куәсі болдым. Алғашында пандемияға байланысты жанкүйерлерді стадионға кіргізбеді. Бірақ олар сыртта тұрып, матч бойы қызу қолдау көрсетті. Екінші рет келгенде қосалқы стадионда ойнадық. Ол кезде де керемет қолдау көрсетті. Сондықтан Ақтөбедегі жанкүйерлер құрметке лайық деп ойлаймын. Дегенмен ол жақтағы стадион талапқа сай келмейді екен. Сол себепті УЕФА-ға Беларусьпен болатын матчты «Астана Аренада» өткізу туралы өтініш жолдап қойдық.