14 мау, 2022 сағат 19:24

«Барысқа» жаңа бас бапкер келді


Елордалық «Барыс» командасына жаңа бас бапкер тағайындалды. Бұл қызметке беларусьтік маман Андрей Скабелка келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Беларусь маманымен келісімшарт екі жылға жасалған. Ол 2024 жылдың 30 сәуіріне дейін бас бапкер қызметін атқара алады. 

Андрей Скабелка 1971 жылы 20 қаңтарда дүниеге келген. Ол кәсіби хоккейші ретінде 1988-2007 жылдарда Беларусь, Ресей клубтарында ойын көрсеткен. 

2007 жылдан бері бапкерлікке бет бұрып, Ресей, Беларусь клубтарының тізгінін ұстады. 2018-2020 жылдарда «Барыс» және Қазақстан ұлттық құрамасы тізгінін ұстады. 

Оның жетекшілігімен елордалық клуб екі жыл қатарынан Чернышев дивизионында көш басында болса, Гагарин кубогы шығыс конференциясында жартылай финалға дейін жетті.

Бұған дейін 2020-2021 жылдарда Ресейдің «Локомотив» (Ярославль) клубына жетекшілік жасады.