Барселонада өтетін Азия киносы беделді испан кинофестивалі «Айка» фильмімен ашылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚР Сыртқы істер министрлігінен мәлім еткендей, шараның салтанатты ашылу рәсіміне картинаның басты кейіпкері Самал Еслямова қатысады.
Жалпы алғанда, VII кинофестиваль аясында әлемнің 25 елінен 131 фильм және 25 қысқа метражды фильм ұсынылады.
Барселонадағы Casa Asia (Азия Үйі) мен ҚР Консулдығының қолдауымен фестивальға «Айкадан» бөлек, қазақстандық тағы 5 картина қатысады: Жаңабек Жетіруовтың «Шыңырау», Алдияр Байрақимовтың «Грани», Төлеген Байтөкеновтың «Саташ», Қуат Ахметовтің «Аруақ», Әзиз Заиров пен Мұхамед Мамырбековтің «Қыз және теңіз» фильмдері.
Кинофестиваль ұйымдастырушыларының айтуынша, картиналардың басым көпшілігі (100-ден астам) 2018 және 2019 жылдар аралығында түсірілген және олар қарапайым адамдардың күнделікті өмірін, әлеуметтік қақтығыстар мен проблемаларды көрсететін драмадан триллерге дейінгі киноның түрлі жанрларындағы көркем фильмдер.
Шара 30 қазан мен 10 қараша аралығында өтеді.