10 жел, 2020 сағат 13:35

Банктен 87 млн теңге жымқырған қостанайлық Ресейден ұсталды

Қостанай облысы полиция департаментінің бастығы Бекет Аймағамбетов халыққа есеп беру кездесуінде банк қызметкерінің қылмысы ашылғанын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ведомство басшысының айтуынша, 2019 жылы 11 қарашада Жітіқара қаласында аса ірі мөлшерде қаражат жымқыру дерегі тіркелді. 

Банк қызметкері өзінің жеке шотына 87 миллион теңгеден астам қаржы аударып, бірден ҚР аумағынан қашып кеткен.

«Күдікті Ресейдің Челябі қаласында ұсталды. Қазіргі уақытта біз осы қылмыстық істі тергеуді аяқтап қалдық және іс сотқа жіберіледі. Қазір процеске қатысушылар іс материалдарымен танысады. Негізгі тергеу әрекеттері Ресей Федерациясының аумағында пандемия кезінде жүргізілді. Ол үшін Қазақстан Премьер-Министрінің кабинеті арқылы РФ құзыретті органдарына құқықтық көмек көрсету туралы халықаралық тапсырма жолданды», - дейді Бекет Аймағамбетов.

РФ құқық қорғау органдары тарапынан толық қолдау алынды. Бұл қылмыстық іс материалдарына тіркелген заттай дәлелдемелерді алуға мүмкіндік берген. 

Қазір банк қызметкерінің ұрлап кеткен қаражаты толығымен қайтарылды.