12 қаң, 2022 сағат 13:21

Банк секторындағы ахуал тұрақты – Әбілқасымова


Банк секторындағы ахуал тұрақты. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту Мәдина Әбілқасымова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты агенттік екінші деңгейдегі банктердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету жұмысын жүргізуде. Банк секторындағы ахуал тұрақты. Үздіксіз қызметті қамтамасыз ету және халық пен бизнес үшін банктік қызметтерді толықтай көрсету үшін банктердің меншікті капиталы мен өтімділігінің айтарлықтай қоры бар. Банктер капиталының жеткіліктілігі ең төмен талаптардан 3 есе көп, өтімділік те реттеу мәндерінен 4 еседен асады», - деді агенттік төрағасы. 

Оның атап өтуінше, халыққа және бизнеске қолдау көрсету үшін осы жылғы 10 қаңтарда агенттік төтенше жағдайдың енгізілуі нәтижесінде зардап шеккен жеке және заңды тұлғалардың кредиттері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігін беру бойынша бұйрық қабылдады. 

«Төтенше жағдай кезеңінде кредиттер бойынша төлем мерзімі өткен жағдайда, айыппұлдар мен өсімпұл есептеуге тыйым енгізілді, сондай-ақ шағым-талап жұмысы тоқтатыла тұрады», - деді Мәдина Әбілқасымова.