Нұр-Сұлтанда күрес түрлерінен өтіп жатқан әлем біріншілігінде қазақстандық Дәулет Ниязбеков күміс жүлде алды. 30 жастағы қазақ балуаны 20 қыркүйекте өткен финалда 23 жастағы Ресей балуаны, Дағыстанда туған Гаджымурат Рашидовтан жеңілді.
Қазақстан балуаны финалға дейін Чан Юй-Сюаньды (Қытайлық Тайпей) 10:0 есебімен, германиялық Александр Семисоровты 12:8 есебімен, ширек финалда моңғолиялық Темер-Очирин Тулганы 6:2 есебімен жеңді. Ал жартылай финалда үндістандық, былтырғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 65 келі бойынша әлемдік рейтингте 1-орында тұрған Баджранг Пуниядан (Үндістан) басым түсті. Бұл белдесу 9:9 есебімен тең аяқталды. Бірақ кездесу кезінде Ниязбеков төрт ұпайлық әдіс жасағаны үшін жеңімпаз деп танылды.
Ниязбеков бұған дейін 2011 жылғы әлем чемпионатында қола алған. Ол – еркін күрестен Азия чемпионатында алты жыл қатарынан жүлде алған қазақстандық санаулы балуандардың бірі. Қазақстан балуаны 2015, 2016 және 2018 жылы – алтын, 2013, 2014, 2017 жылдары қола медаль иеленді.
Ниязбеков әлем чемпионатының жүлдегері ретінде 2020 жылы Токиода өтетін олимпиада ойындарына жолдама алды.
14 қыркүйекте басталған Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионаты 21 қыркүйекте аяқталады. Қазірге дейін Қазақстанда екі күміс, төрт қола медаль бар. Күміс жүлдені грек-рим күресінен Қорлан Жақанша иеленсе, Алмат Кебіспаев, Мейрамбек Айнақұлов (екеуі де - грек-рим күресі), Нұрислам Санаев (еркін күрес) және Валентина Исламова (әйелдер күресі) қола медаль алды.