Балқаш қаласында мобильді топ көпшілік жиналған үйлену тойын тоқтатты. Шара қожайыны мен мейрамхана басшылығымен қатар қонақтарға да айыппұл салынуы мүмкін, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Балқаш қаласының мобильді тобы «Айлин» мейрамханасында көпшілік жиналған іс-шараны тоқтатты. Нәтижесінде той иесімен қатар жиналған қонақтарға да айыппұл салынуы мүмкін.
«Үйлену тойын өткізу туралы ақпарат үйлестіру орталығына келіп түсті. Мобильді топ орынға санаулы минуттарда келді. Алайда мейрамхана басшылығы рейд жүргізушілердің ішке кіруіне жол бермеуге тырысты. Сондықтан оқиға орнына арнайы қызметтер шақырылды. Нәтижесінде олар ғимаратқа терезе арқылы кірді. Барлық қонақтар түсініктеме жазды. Айыппұл мекеменің иесі мен шараны ұйымдастырушыға ғана емес, қонақтарға да салынуы мүмкін. Материалдар Балқаш қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мекемесіне жіберілді», - деп хабарлады Балқаш қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Осы уақытта Балқашта вирус жұқтырғандар саны артып келеді. Күніне инфекцияны жүздеген адам жұқтырып алып жатыр. Өткен айда 13 балқаштық коронавирустан қайтыс болды.