25 там, 2020 сағат 11:30

Бали аралы шетелдік туристер үшін 2020 жылдың соңына дейін жабық болмақ

Индонезияның Бали аралы коронавирустың таралу қаупіне байланысты шетелдік туристер үшін биылғы жылдың соңына дейін жабық болмақ.

Бұған дейін осы танымал демалыс орнының билігі аралды шетелдік демалушылар үшін келесі айдан бастап ашпақ болған. Бірақ Индонезияда Covid-19 жұқтыру жағдайларының өсуіне байланысты жоспар өзгертілді. Мұндай қадам туризмге қатты тәуелді экономикаға да әсерін тигізді, деп хабарлайды BBC агенттігі. 

Жыл сайын миллиондаған шетелдіктер Балиге жағажайларды, күріш алқаптары мен үлкен үнді храмдарын іздеп келеді. Бірақ Индонезия пандемиямен күрес шарасы ретінде шекарасын жапқаннан кейін олардың саны күрт азайды. 

Шілде айынан бері арал билігі пандемиядан зардап шеккен жергілікті экономиканың «жүрегі» болған туристік индустрияға көмектесу үшін жергілікті туристерге көп көңіл бөле бастады. Балида жергілікті туристер үшін жағажайлар, храмдар және басқа да көрікті жерлер қайта ашылды. 

Бали губернаторы Вайан Костердің мәлімдемесінде аралдың шетелдік туристер үшін қайтадан қашан ашылатыны нақтыланбаған, бірақ Индонезия шетелдік демалушылар үшін 2020 жылдың соңына дейін жабық екені айтылған. 

Губернатордың айтуынша, аралдың ашылуы «сақтықты» және мұқият дайындықты қажет етеді, өйткені сәтсіз жағдайлар аралдың қалпына келуі мен беделіне нұқсан келтіруі мүмкін. 

Дүйсенбі күнгі жағдай бойынша Балида коронавирус жұқтырудың 4576 оқиғасы тіркелген. 52 адам қауіпті вирустан көз жұмған. 

Бүкіл ел бойынша ауруға шалдығудың 155000-нан астам оқиғасы тіркелген, 6759 адам қайтыс болған. Бұл Оңтүстік-Шығыс Азиядағы өлім жағдайларының ең көп саны екендігі атап өтілді. Сарапшылардың пайымдауынша, егер коронавирусқа тестілерді көптеп тапсырса, олардың саны да көп болар еді.