Ата-аналар баласын вакцинациялаудан бас тарту арқылы оның денсаулық құқықтарын шектейді. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Ата-аналар баласын вакцинациялаудан бас тарта отырып, баланың денсаулық құқықтарын шектейтіндігін атап өткен жөн. Жалпы, егілмеген адам санының өсуі – ұжымдық иммунитеттің төмендеуіне және халықтың арасында вакцинамен басқарылатын инфекциялық аурулардың таралуына алып келеді», - деді «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс пен «Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша түзетулер енгізу жөнінде» ілеспе заң жобасын таныстырған министр.
Оның дерегінше, 2019 жылы қызылша ауруымен ауырғандардың арасында 21 өлім, оның ішінде 19 бала өлімі тіркелген. Елімізде қызылшаның өршуі кезінде 13 800-ден астам жағдай, балалар арасында – 9 887 жағдай тіркелді. Сырқаттанушылықтың 83,4 пайызы егілмеген балалардың арасында тіркелді. 2018 жылғы 1 қарашадан бастап 2019 жылғы 31 желтоқсанға дейін – 8 244 бала ауырды.
«Халық арасында вакцинамен басқарылатын инфекциялар жағдайларын тіркеу осал топтарға жататын балалардың өміріне қауіп төндіреді. Сонымен қатар, аталған норманы жұртшылықпен талқылау нәтижесінде профилактикалық екпелер міндетті және ерікті болып бөлінді. Міндетті профилактикалық егулерге жоспарлы профилактикалық егулер және эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша профилактикалық егулер жатады. Жоспарлы вакцина алмаған балаларды мектепке дейінгі оқу мекемелеріне жіберу – ұжымдық иммунитеттің шекті деңгейіне жеткен жағдайда ғана мүмкін болады», - деді Елжан Біртанов.