#
#
Сейсенбі 24/11/2020

Баланың танымын қалыптастыратын мультфильмдердің бәрі қазақ тілінде болуы тиіс – Елизавета Седышева

  • 22.10.2020
  • 0
  • 322

 

Кинотеатрлардың және барлық телеарналардағы балалар мультфильмдерінің тілін қазақшаға көшіретін уақыт жетті. Бұл туралы «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» республикалық форумында елордадағы «Берегиня» орыс этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Елизавета Седышева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мен тағдырдың жазуымен Теміртау қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленіп, қазақтың тілімен қатар, көркем дәстүріне қанып өстім. Әркез қасымнан табылатын достарымды да қазақ ортасынан таптым. Достарым қазақ болған соң үнемі сөздік қорымды байытып, білім көкжиегін кеңейтуге тырысамын. Осы жерде туып, осы елдің азаматы болғандықтан, тілді білмеу – мен үшін ардың ісі. ҚР Президенті қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керектігін жиі айтады. Тілді дамыту әрқайсысымыздың тікелей міндетіміз. Тіл – ең алдымен халқымыздың тарихының, мәдениетінің айнасы. Ал, мемлекетімізге қызмет ететін азаматтар осы құндылығымызды қастерлесе – еліміз ары қарай қарыштап дами түсетіні сөзсіз», - дейді Елизавета Седышева. 

Ол мемлекеттік тілдің имиджін арттыру мақсатында жастар арасында қазақша сөйлеуге шақыратын пікір алаңдарын, осындай форумдар, түрлі акциялар жиі ұйымдастырылса деген тілегін айтты. 

«Кинотеатрлардың және барлық телеарналардағы балалар мультфильмдердің тілін қазақшаға көшіретін уақыт жетті. Қазір ата-аналардың жұмысбастылығына байланысты балаларды мультфильмдер тәрбиелейтін болды. Ешкім үйретпесе де балабақша бүлдіршіндері орыс, ағылшын тілдерін меңгеріп алады. Керісінше өз ана-тіліне келгенде сөйлей алмайды, себебі олардың қазақша таным-түсінігін қалыптастыратын орта жоқ, адам жоқ, ата-ана , ата-әже жоқ. Біздің болашақ балаларымыздың тілі қазақша шығуы тиіс. Сондықтан ең алдымен теледидар тілін мемлекеттік тілге 100 пайыз көшіруіміз керек деп есептеймін», - дейді ол.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР