Фото: aigak.kz
2024-2025 жаңа оқу жылының басталуына да аз уақыт қалды. Тауар бағасы жылдан жылға көтеріліп, ата-аналар мектеп құралдарының шығыны артып жатқанын айтып шағымдануда. Биылғы жылы елорда дүкендерінде баға қалай өзгергенін ULT.KZ тілшісі анықтап көрді.
Мектепке ең қажетті сатып алулар тізіміне біз Қазақстанда ресми бекітілген стандарт бойынша мектеп формасы, аяқ киімдер, рюкзак және кеңсе тауарларын алдық.
Айта кетейік, жоғарғы сынып және төменгі сынып оқушыларына қажетті құрал-жабдықтың түрі мен киімнің өлшеміне байланысты шығын әр түрлі болғандықтан, біз бастауыш сынып оқушыларына арналған тауар құнын қарастырдық.
Сондай-ақ, бұл шығынға күн суытқанда киетін бәтеңке, куртка, бас киім сияқты шығындарды, мұғалімге беретін гүл шоғы, жейденің ішінен киетін майка, носки мен гольфи, қыздардың шашына тағатын резинка, қыстырғыш сияқты ұсақ-түйек шығындар, балалардың үйдегі қажетті құралдары (сабақ оқитын үстелі мен орындығы, кітап сөресі, үстел шамы, қалам-қарындаштарды салатын органайзер) кірмеді, бірінші сыныпқа баратын балалардың тілашар тойы да бұл шығынға жатпайды.
Қажетті құралдар мен киім-кешектерді елдегі танымал балалар тауарларын сататын дүкендердің сайттарынан қарастырып көрдік. Атап айтқанда: Детский мир, Kari kids, DeFacto, Orchestra, Ostin-нің Астанадағы дүкендеріндегі бағаны сараптап, салыстырдық.
Ескере кетейік, Статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, Қазақстан Республикасы бойынша атаулы жалақының орташа мәні 2024 жылғы I тоқсанда 382 279 теңгені құрады. 2023 жылдың тиісті тоқсанына қарағанда өсім 12,3%, нақты мәнде – 2,7% болды. Жалақының медианалық мәні (жалақы қатарының орталық деңгейі) 2024 жылғы I тоқсанда бағалау бойынша 251 997 теңгені құрады.
Мемлекеттік стандарт бойынша ұлдардың мектеп формасы: пиджак, кеудеше, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейде, не түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе тенниска (қысқы мезгілде: трикотаж жилет, водолазка). Ұлдарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.
Мектеп формасы: 13000-30 000 теңге аралығында
Ақ түсті жейде: 4000-15000 теңге шамасында
Ақ түсті поло жейде: 4000-9500 теңгедей тұрады
Мектепке киетін шалбар: 7000-13000 теңге аралығында
Кеудеше: 5000-10000 теңге аралығында
Тоқыма кардиган: 10000-18000 теңге шамасында
Галстук: 6000 теңге аралығында
Туфли: былғарыдан тігілгені – 25000 теңге, жасанды былғарыдан тігілгені - 7500 теңге шамасында.
Фото: Балалар дүкенінің скриншоты
Қыздардың мектеп формасы: пиджак, кеудеше, белдемше, шалбар, классикалық жейде, не түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе тенниска (қысқы уақытта: трикотаж жилет, сарафан, водолазка). Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.
Мектеп формасы: 24000 теңге
Сарафан: 10000-22000 теңге шамасында
Жейде: 6000-19000 теңгедей тұрады
Белдемше:6000-20000 теңге шамасында
Шалбар: 10000-24000 теңге аралығында
Кеудеше: 4500-13000 теңге аралығында
Тоқыма кардиган: 6000-8000 теңге шамасында
Ақ түсті бант: 1000-1500 теңге теңге аралығында бағаланады
Туфли: былғарыдан тігілгені – 25000 теңге, жасанды былғарыдан тігілгені -10000 теңге шамасында.
Фото: Балалар дүкенінің скриншоты
Ұлдар мен қыздарға арналған спорттық форма спорттық костюмнен (спорттық шалбар, куртка, футболка), спорттық аяқ киімнен (кроссовка, кеды) тұрады. Спорттық киімдердің құны қыз балалар мен ұлдарға шамалас.
Спорттық костюм: 9000-25000 теңге шамасында
Футболка:3000-5000 теңге аралығында
Кроссовка: 7500-55000 теңге аралығында
Мектеп формасына орта білім беру ұйымының ерекшелік белгілерін (белгілер, тігіспелер, шеврон және т.б.) орналастыруға рұқсат етіледі. Мұндай белгілер тігін фабрикалары мен цехтеріне арнайы тапсырыс беру ақылы жасалады.
Рюкзак пен дорба
Атап өткен балалар дүкендерінде рюкзактар бағасы 2000 теңгеден басталып, 35000 теңгеге дейін барады.
Спорттық киім мен аяқ киім салатын дорбалардың ең арзаны 890 теңге тұрады, ал орташа құны 5000 теңге шамасында.
Қалам салатын пеналдың бағасы 1000-6000 теңге шамасында сатылып тұр. Қағаз-қалам салатын папканы 2000 теңгеге де алуға болады.
Ескеретін бір жайт, оқушы тауарлары көп жағдайда сапасы құнына қарай жоғарылайды. Сондықтан арзанның жілігі татымайтын болып шығуы да бек мүмкін.
Кеңсе тауарлары
Кеңсе тауарларына да сұраныспен бірге ұсыныс та алуан түрлі. Дәл қазіргі уақытта біз көрген дүкендерде 12 парақтық дәптер – 19 теңге, 18 беттік дәптер – 47 теңгеден тұр. Ал дәптердің тысының 10 данасын – 190 тг-ге ала аласыз. Түрлі-түсті қағаз -16 парақтан тұратын түрлі-түсті қағаздарды 455, ал 8 түсті қатты қағаз 380 теңге.
Фото: Балалар дүкенінің скриншоты
Қаламдар нарықта түрлі-түрлі болып келеді. Олардың қарапайым ешқандай сәнделмегені де (150тг), әдемі суреттермен әрленгені де, сыясы өшетіндері (қорабы шамамен 3000 тг), автоматты шариктісі де (3 қалам 700-1000 тг) бар. Ал түрлі-түсті қарындаш 300 теңгеден 3000 теңгеде дейін қалтаға қарай әр түрлісін табуға болады. Өшіргіш, сызғыш, қайшы, желім 500 теңгеден бастап, 3000 теңгеге дейін әр түрлісін сатып алуға болады.
Біздің есептеуіміз бойынша бір баланы мектепке даярлау үшін бір адамның орташа жалақы мөлшері кетеді.
Елде «Жалпыға міндетті білім беру» қоры жұмыс істейтінін де айта кеткен жөн. Тұрмыстық жағдайына байланысты қордан берілетін көмекке мектеп формасы мен спорттық киім, аяқ киіммен қамтамасыз ету, жағдайы төмен отбасыларға қыстық киім, мектепке қажетті құрал-саймандар, оқу құралдары (дәптер, қаламсап, т.б.) да ұсынылады.
ҚР Білім министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанованың айтуынша Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, сондай-ақ жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балаларға материалдық қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар, жаңа оқу жылы қарсаңында төтенше жағдайға тап болған оқушылар қаржылай көмек алады.
"Биылғы жылы материалдық көмектің мөлшері - 43 407 теңгені құрайды. Бүгінгі таңда ата-аналардың шоттарына 3,4 млрд теңгеден астам қаражат аударылды, 78 мыңға жуық бала қамтылды", -деді Насымжан Оспанов 1 тамызда өткен брифингте .