19 мам, 2022 сағат 15:16

"Балаларды асырап алады деген желеумен шетелге сатып жатыр" - фейк


Telegram-арнада балаларды асырап алады деген желеумен шетел азаматтарына сатып жатқаны туралы ақпарат тарады. Оған "балалардың бағасы" көрсетілген мақалаға сілтеме тіркелген. Бұл ақпарат - фейк, - деп хабарлайды stopfake.kz.



Таратылған мақала 2017 жылы жазылғанын және онда келтірілген халықаралық бала асырап алу агенттіктерінің тізімі бүгінде ескіргенін атап өткен жөн. Автор көрсеткен ұйымдардың ешқайсысы қазіргі кезде Қазақстан Республикасындағы Бала асырап алу жөніндегі шетелдік агенттіктер өкілдіктерінің тізбесіне кірмейді.  

Мақалада көрсетілген «балалардың бағаларына» келсек, бұл сомалар – ұшу, тұру, тамақтану, құжаттарды рәсімдеу, аудармашылар қызметі және т.б. шығындар екені көрініп тұр, бұл – балалардың құны емес

Бала асырап алу мәселелеріне жетекшілік ететін ҚР Білім және ғылым министрлігі қазақстандық жетім балаларға белгіленген баға туралы қауесетті жоққа шығарды. 

«Жоқ, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Баланы шетелдік асырап алу рәсімі өз қызметінен кез келген қаржылық немесе басқа да пайда алуға тыйым салынған, аккредиттелген коммерциялық емес агенттіктер арқылы ғана жүзеге асырылады. ҚР азаматтарын асырап алу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын агенттіктерді аккредиттеу тәртібі Кодекспен регламенттелген», – деп түсіндірді ведомствоның баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуәлиева.

Сондай-ақ, министрлік халықаралық бала асырап алудың балалар саудасына ешқандай қатысы жоқ екенін хабарлады. 

«Баланы шетелдік асырап алу рәсімі балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы конвенцияға, «Неке (ерлі – зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР Кодексіне (бұдан әрі-Кодекс) және 2012 жылғы 30 наурыздағы № 380 ҚР ӨП бекіткен Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды асырап алуға беру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады», – делінген ведомство жауабында.

Сондай-ақ, баспасөз қызметінің өкілдері шетелдіктер қатарындағы асырап алушы ата-аналарға үміткерлер Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» Кодексінің 91-бабының барлық талабына сай келуіне міндетті түрде тексерістен өтуі тиіс екенін атап өтті.

«Баланы шетелдік бала асырап алу рәсімінің ашықтығын қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында бұйрықпен баланы шетелдік асырап алуға жататын, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алуға ниет білдірген шетелдік азаматтардың құжаттарын қарау жөніндегі комиссияның ережесі (БҒМ 3.03.2020 ж. № 80 бұйрығы) бекітілді. Баланы шетелдік асырап алушылардың ұсынылған құжаттарының қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестігін тексеру қорытындылары бойынша бала асырап алу рәсімінен бас тарту не оны жалғастыру туралы алқалы шешім қабылданады», - деді министрлік өкілі.

Демек, қазақстандық балаларды асырап алуды желеу етіп, шетелдіктерге сататыны туралы тараған ақпарат – фейк.