09 ақп, 2026 сағат 12:05

Балалар жансақтау бөлімінде: Жамбыл облысында анасы екі баланы терезесінен лақтырып жіберген


Фото: pixabay.com
Жамбыл облысында екі баланы өлтіруге оқталу фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Анасы оларды бесінші қабаттың терезесінен лақтырып жіберген, деп хабарлайды Ult.kz HALYQSTAN тілшісіне сілтеме жасап. 

HALYQSTAN тілшісінің хабарлауынша, қайғылы оқиға Төле би даңғылы бойындағы жатақханалардың бірінде болған. Тергеу деректеріне сүйенсек, 36 жастағы әйел өз үйінде бола тұра, 2021 жылы туған қызын және 2023 жылы туған ұлын әдейі терезеден лақтырып жіберген.

Екі бала да тірі қалып, шұғыл түрде Жамбыл облыстық көпсалалы балалар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер оларға политравма диагнозын қойған. Қазіргі таңда балалар жансақтау бөлімінде жатыр.

HALYQSTAN тілшісі анықтағандай, оқиғадан аз уақыт бұрын әйел мен оның күйеуі арасында жанжал болған. Қақтығыстан кейін ер адам үйден шығып кеткен.

Соңғы жылдары әйел қатты бас ауруынан зардап шегіп жүргені белгілі болды. Жанжалдан кейін, қатты эмоциялық күйзеліс жағдайында болған әйел алдымен қызын, кейін ұлын терезеден лақтырып жіберген. Өзі де олардың артынан секірмек болған, алайда соңғы сәтте райынан қайтқан.

Екі жас баланы өлтіруге оқталу фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Әйел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сондай-ақ күдіктінің жұбайы бұрын психиатриялық есепте тұрған деген ақпарат бар.