«Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрайымы, медицина ғылымының докторы Риза Боранбаева балалар арасындағы Кавасаки тәрізді синдром туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2020 жылдың сәуір-мамырында COVID-19 індетіне шалдығу деңгейі жоғары болған елдерде балалар арасында коронавирус індетін еңсергеннен кейін педиатриялық мультижүйелік қабыну синдромы формасында жаңа ауру тіркеле басталды. Ол уақытша COVID-19 індетімен байланыстырылды. Осы патология постинфекциялық синдром болып саналады, COVID-19-ға шалдыққаннан кейін 3-5 аптадан соң байқалады. Бұған науқастардың қанындағы антиденелер дәлел болады. Оның басқаша атауы - Кавасаки тәрізді синдром. Өйткені, ол Кавасаки ауруымен клиникалық жағынан ұқсас, алайда тиісті айырмашылықтары бар. Олардың негізгісіне тоқталсақ, Кавасаки ауруы кішкентай балаларда байқалады, яғни көбіне екі жастағылар арасында», - деді дәрігер.
Оның айтуынша, мультижүйелік қабыну синдромын емдеудегі ең бастысы - ол ерте кезеңде диагностикадан өткізу.
Кавасаки тәрізді синдромның негізгі клиникалық симптомына тоқталсақ, 24 сағат ішінде дене қызуының жоғары болуы байқалады.
«Мультижүйелік қабыну синдромына күдік болса, баланы ауруханаға жатқызылуы керек», - деді Р. Боранбаева.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде елімізде балалар арасында Кавасаки тәрізді синдромға шалдығудың 16 оқиғасы тіркелді. Соның ішінде 8 бала емделіп шықты, ал қалғандары ауруханаларда ем қабылдауда.