02 мау, 2017 сағат 11:08

Балалар сурет көрмесі (фото)

1 маусым - Балаларды қорғау күні. Бұл балғын бүлдіршіндеріміз үшін ең қуанышты және жыл сайын күтетін басты мерекелерінің бірі. Жалпы алғанда, балаларға қамқорлық көрсету, олардың құқықтарын қорғау тек белгіленген бір күн емес, әрқашан да үлкендердің назарында. Осы орайда 1 маусым күні Қазақстан Республикасы  Ұлттық музейінде  мерекеге орай ұйымдастырылған «Кескіндеме және графика» үйірмесі қатысушыларының жұмыстарынан құралған «Әрбір үйге еркеміз, суреттен сыр шертеміз» атты балалар көркемсурет көрмесі ашылды.

Балалалардың шығармашылық көрмесінің мақсаты музейдегі «Кескіндеме және графика» үйірмесі оқушыларының шығармашылық нәтижелерін көрсетуді және жасөспірімдердің  эстетикалық тәрбиесін қалыптастыруды көздейді.

Көрмені ҚР Ұлттық музейінің музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің эстетикалық тәрбие беру жұмысы секторы ұйымдастырды.

Аталмыш мерекелік көрмеге үйірме қатысушыларының 40 шақты шығармашылық жұмысы қойылды. Бала қиялы мен арман-тілегі ұштасқан шығармашылық көрме осылайша өзінің бір жылдық жұмысын қорытындылады. Мерекелік құттықтау сөз алған Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі экскурсиалиқ жұмыстар және музей педагогикасы орталығының жетекшісі Ж.С. Беисова және үйірме жетекшісі ҚР дизайнерлер одағының мүшесі М.Қ. Байбосыновтар балаларды мерекемен құттықтап, ақ тілектерін арнады. Көрмені қызыға тамашалаған көрермен балалар арасында ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздар түрлі сыйлықтармен марапатталды. Мерекелік көрменің салтанатты ашылуының соңы Астана қаласы №70 мектеп-лицейінің өнерлі балаларының дайындаған «Балғын балалар – біздің болашағымыз» атты мерекелік концерттік бағдарламасына ұласты.

Балаларға қуаныш сыйлаған мерекелік шараның соңында Қазақстан Республикасы  Ұлттық музейі ұжымы атынан өнерлі балаларға естелік сыйлықтар табыс етілді.