19 там, 2019 сағат 13:56

Балалар құқығы «Nur Otan»-ның басты назарында

«Nur Otan» партиясының жанынан құрылған Балалар құқығын қорғау республикалық кеңесі жол картасы аясында барлық өңірде «Балаларға қауіпсіз және жайлы инфрақұрылым» бағдарламасын енгізуде.

Соның аясында люктерді тексеру, аулаларды жабдықтап, жарықтандыру, қауіпсіз қозғалыс, аула дәретханаларын кең тарату, балалар бар мекемелерге блокаторлар орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Соңғы уақытта балалардың ашық қалған люктер, жарықтандырылмаған, дұрыс жабдықталмаған аулалардың кесірінен зардап шегуі қоғамда резонанс тудырып отыр.

– Өңірлерді аралағанда біз қала маңындағы мектептерде санитарлық-гигиеналық нормаларға қайшы аула дәретханаларының бар екендігіне куә болдық. Осыған сүйене отырып, біз балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлдік, – дейді Балалар құқығын қорғау республикалық кеңесі төрағасының орынбасары Динара Зәкиева.

Сондай-ақ ол барлық өңірде «Балаларға қауіпсіз және жайлы инфрақұрылым» бағдарламасы өз жұмысын бастағанын айтты. Оның үстіне, Жол картасына сәйкес, өңірлік даму жоспарына ЮНИСЕФ-тің «Балаларға мейірімді қала» бағдарламасының параметрлері мен талаптары кіреді.

– Біз балалық шақ және отбасын қорғаудың нақты шараларын ұсынған «жол карталарына» 14 облыстың әкімі қол қойып, жүзеге асыра бастады, – деді «Nur Otan» партиясы жанындағы Балалар құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық кеңес төрағасының орынбасары Динара Зәкиева.

Айта кетейік, 2019 жылдың ақпан айында «Nur Otan» партиясының жанынан Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес құрылды. Кеңестің негізгі міндеті - мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарды біріктіре отырып, балаларды қорғау және отбасын қолдау жүйесін жетілдіру.

Кеңестің алға қойған мақсаты қазақстандық отбасылардың әл-ауқатын жақсартуға және балалардың құқығын қорғауға бағытталған партияның «Бақытты отбасы» жобасы арқылы жүзеге асырылады.