ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова балалар арасында коронавирусқа шалдығу не себепті артқанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, 1 қаңтардан бастап 18 жасқа дейінгі 12 862 бала ауырған.
«Наурызда індетке шалдығу 5 пайызға артқанын көріп отырмыз. Ауру жұқтырудың өсімі оқушылар арасында байқалып отыр. Бұл жағдайдың өзіндік себебі бар, өйткені 1 наурыздан тек 1-5, 9-11 сынып балаларынан бөлек, басқа да сыныптарға оқуға рұқсат бердік. Сонымен бірге, біздің өңірлік департаменттер білім беру басқармаларымен бірлесе санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуы бойынша қадағалауды қамтамасыз етіп жатыр», - деді Есмағамбетова.
Сонымен қатар ол балалар арасында індетке шалдығу өсіміне қатысты пікір білдірді.
«Бұл ретте мектептерде балалардың әлеуметтік байланыстарының артуы себебімен түсіндіруге болады. Тағы бір зерттеу мәліметіне тоқталғым келеді, «британдық» штамм жастарға қатты әсер етеді. Яғни жастар бастапқы коронавирусқа қарағанда, аталған штаммен жиі ауырады», - деді Есмағамбетова.