Жиынды ашқан Президент Әкімшілігінің Басшысы Әділбек Жақсыбеков қазіргі кезде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жұмысы басталғанын атап өтіп, оған барлық орталық және жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатысып отырғанына тоқталды.
«Өздеріңізге белгілі, ұлттық комиссияның жұмыс топтары нақты жоспарларын жасап, осы күндері жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі отырыста біз осы аралық кезеңде атқарылған жұмыстардың есебін тыңдайтын боламыз», деді Ә.Жақсыбеков.
Содан кейін жиынға қатысушылар «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру ауқымында орталық және жергілікті мемлекеттік органдар атқарған жұмыстардың нәтижелерін талқылады.
Бұл ретте Премьер-Министр Кеңсесінің басшысы Нұрлан Алдабергенов пен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек және Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов отырыста негізгі баяндама жасағанын айта кетейік.
Сондай-ақ, атқарылған жұмыстың негізгі нәтижелері, тұжырымдамалық ұстанымдар мен қызметті одан әрі ұйымдастырудың нақты шаралары аясында латын қарпіне көшу, «Жаңа гуманитарлық білім, «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобалары бойынша жұмыс топтарының жетекшілері есеп берді. Талқылау барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын, оның ішінде арнайы жобаларды жүзеге асыру жөніндегі ұсыныстар тұжырымдалды. Сөйтіп, отырысқа қатысушылар бағдарламадағы міндеттерді тиімді іске асыру үшін жобалық ұстанымды енгізудің маңыздылығын ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, Ұлттық комиссия мүшелеріне «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша әзірленген әдістемелік материалдар, соның ішінде БАҚ-қа арналған әдістемелік құрал, жоғары оқу орындарына арналған әдістемелік ұсынымдар, ақпараттық-түсіндіру жұмысы бойынша құрал, Бағдарлама туралы маңызды сұрақтардың 20 жауабы ұсынылды. Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар нақты шешімдер қабылданып, мемлекеттік органдар мен жұмыс топтарының жетекшілеріне тапсырмалар берілді.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған Ұлттық комиссия қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыруды және елдің мәдени-гуманитарлық дамуын жан-жақты қамтамасыз етуді көздейді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сәуір айында Президент жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияны құру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Ал комиссия құрамына белгілі қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ғалымдар, жазушылар, журналистер мен саяси партиялардың өкілдері кіреді.
Жалпы, отырыста қозғалған мәселелер әлі талай талқылауларға өзек болатыны сөзсіз. Осы орайда аталған жиынның маңыздылығын ескере отырып, Ұлттық комиссия мүшелерінің бірқатарын сөзге тартқан болатынбыз.
Үздік туындыларды іріктеу үш кезеңнен тұрады
Аида БАЛАЕВА, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» арнайы жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшіс:
- Біздің жұмыс тобымыз қызметін белсенді түрде бастап кетті. Жұмыс тобының құрамына еліміздің көрнекті тұлғалары, қаламгерлер, ғалымдар, өнертанушылар мен зиялы қауым өкілдері еніп отыр.
Қазіргі таңда жобаны нақты жүзеге асыру кезеңіне өттік. Атқарылған жұмыстар туралы баяндар болсам, бүгінге дейін нақты жұмыс жоспары, жобаны ақпараттық тұрғыда қолдайтын медиа-жоспар әзірленді. Тиісті басқосулар өтіп, негізгі жұмыс векторлары айқындалды.
Алғашқы отырыста басты 2 құжат талқыланып, қабылданды. Аталған құжаттар бойынша заманауи мәдениет туындылары іріктелетін болады. Бұл екі құжаттың біріншісі – туындыларды іріктеу кезінде қолданылатын Талап жүйелері. Онда үздік шығармаларды іріктеу кезінде пайдаланылатын 7 түрлі бағалау талаптары қарастырылған. Екінші құжат – Шығармаларды іріктеу тәртібі.
Шығармаларды 3 кезең бойынша іріктеу жоспарланып отыр. Бірінші кезеңде шығармашылық одақтар бекітілген жанрлар бойынша туындыларды жинап, сол арқылы жұмыстардың шорт-парағы жасалады. Бұл жұмысты қазір бастап кеттік.
Екінші кезеңде шығармашылық құрылымдар ұсынған туындылар жариялы түрде талқыланады. Талқылаулар арнайы жасалған Интернет-тұғырнамаларда жүргізіледі. Оған adebietportal.kz, altynkalam.kz, dalatunes.kz, ikitap.kz, arvest.kz, artumar.kz сынды интернет ресурстарды пайдалануды жоспарлап отырмыз.
Соңғы үшінші кезеңде талқылаудан өткен, қатары біршама ықшамдалған шығармаларға жұмыс тобының секцияларында сараптама жасалады. Сараптаманы танымал мәдениет қайраткерлері, ғалымдар, сарапшылар мен сыншылар жүргізетінін атап өту керек. Осы жұмыстардан кейін іріктеліп алынған туындылардың тізімі Жұмыс тобының жалпы отырысында талқылауға түседі. Биылғы жылғы қазан айының соңына қарай іріктеліп алынған туындылардың тізімі Ұлттық комиссияға жіберіледі.
Бүгінгі таңда іріктеліп алынған жұмыстардың еліміздегі танымалдық деңгейі, авторларының танымалдығы сарапталуда. Сондай-ақ, көркем туындылардың отандық және шетелдік нарықтағы танымалдығы да сарапталатын болады.
Тәржімаланатын 7 оқулық таңдалды
Ерлан САҒАДИЕВ, Білім және ғылым министр:
- Бүгінгі таңда Қазақ тіліне тәржімаланатын оқулықтарды іріктеу жөніндегі жұмыс тобы құрылды, оның құрамында жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу институттарының ғалымдары, қоғам қайраткерлері, жетекші саясаттанушы мамандар бар.
Жұмыс тобының алғашқы отырысында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының аясында оқулықтарды іріктеуге қатысты жұмыс жоспары жасалды. Қазақ тіліне аударылатын оқулықтарды іріктеудің өлшемдері белгіленді. Біріншіден, оқулықтар гуманитарлық пәндер бойынша болуы міндетті: тарих, философия, саясаттану, әлеуметтану, психология, мәдениеттану, филология, педагогика және түркология қамтылады.
Екіншіден, базалық оқулықтар әлемнің озық 100 жоғары оқу орнының білім беру бағдарламасында қамтылуы тиіс және әйгілі баспалардың базасында болуы керек. Сонымен қатар, Қазақстанның ЖОО қауымдастығы, Саясаттанушылар қауымдастығы, Тарихшылар қауымдастығы сынды маманданған қауымдастықтар да тәржімалануға лайық деп тапқан оқулықтарды ұсына алады.
Үшіншіден, іріктеліп алынған оқулық 2014 жылдан бергі уақытта қайта басылған, мазмұны ауқымды материалдарға негізделген болуы керек. Бүгінгі таңда, ЖОО-лардың ұсынысы бойынша 800 атаудан тұратын алғашқы тізім түзілді. Жұмыс тобы тиісті талаптар бойынша іріктеу жасайды. Қазірдің өзінде 7 оқулық таңдап алынып, халықаралық құқық иелерімен арада келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бұл 7 оқулықтың 4-уін биылғы жылдың соңына дейін аударуды жоспарлап отырмыз.
Нақтырақ айтар болсам, бірінші аударылатын төрт оқулық: «Экономика принциптері», «Социология негіздері», «Батыс философиясының жаңа тарихы» және «Құбылмалы әлемдегі социология». 2018 жылдың наурызына дейін тағы 3 кітап тәржімаланады деп жоспарланған.
Мерейімізді биіктететін бастама
Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ, Мәдениет және спорт министр:
- Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған мәселелерді қоғамымыз ерекше ықыласпен қабылдады. Онда айтылған әрбір жайтты сана сарабына салар болсақ, олардың бүгініміз бен болашағымыз үшін өте маңызды екенін ұғына түсеріңіз сөзсіз.
Егер біз қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын табысты жүзеге асыра білсек, Елбасымыз айтқандай, Қазақстанның болашағы мүлдем басқаша болады. Өйткені, әрбір халықты оның рухани байлығы мен сана-сезімі қалыптастырады, жоғары деңгейге көтереді. Бұл бағдарлама біздің сана-сезіміміздің өсуіне, ұлттық құндылықтарымызды бағалап, оны сақтауға үлкен септігін тигізеді. Негізінде, әлемдік қоғамдастық алдында өзіміздің өремізбен, рухани құндылығымызбен, жеткен жетістіктерімізбен мақтана білуге тиіспіз.
Қазіргі таңда Қазақстанның мәдениет, спорт, өнер сынды салаларында зор жетістіктері бар. Басқаны былай қойғанда, күні кеше ғана жаһанды өнерімен тамсантқан Димаш Құдайбергенұлы сынды жастарымызды айтып мақтануымызға әбден болады. Мәселен, 300 қытай жиналып алып, қазақ тілінде «Дайдидау» әнін орындады. Бұл да біз үшін бір мақтаныш.
Айта кетейін, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында жастар еліміздің тарихи орындарына экспедициялар ұйымдастыру үстінде. Ал Мәдениет және спорт министрлігі болса, жаз айында 7 бағытқа арналған бүкіл қазақстандық экспедицияны қолға алуда.
Жолдыбай БАЗАР, Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан» газеті