Балабақшаға кезекке тұрғызуды толығымен электронды форматқа ауыстыру жұмысы жыл соңына дейін аяқталады. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жаңа оқу жылында 900 мыңға жуық бала баратын 10300 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді. Бұл салада мемлекеттік-жекешелік әріптестік ең жақсы дамыған. Олардың үлесі балабақшалардың 37 пайызын құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 пайызға артық. Тек соңғы алты айдың ішінде жаңа 40 мың орын ашылды. Оның 31 мыңы жекеменшік. Нәтижесінде 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 93 пайызға жетті», - дейді министр.
Оның айтуынша, «Балапан» бағдарламасы арқылы балабақшадағы жалпы орын саны халықтың сұранысынан асып кеткен.
«Бірақ, бұл жалпы республика бойынша аймақтарда дисбаланс сақталып отыр. Ол аймақтардағы жұмыс деңгейі мен миграцияға байланысты. Ірі қалаларда, әсіресе Алматы мен Астана қалаларында жетіспеушілік бар. Ендігі маңызды жұмыс - балабақшаға кезекке тұру және жолдама беруді толығымен электронды форматқа ауыстыру. Сонда кезек жария түрде және тез жылжитын болады. Бұл жұмыс осы жылдың аяғына дейін барлық облыстарда аяқталуы тиіс», - дейді ол.
Ерлан Сағадиев жаңа оқу жылына дайындық барысында әкімдіктердің бюджеті арқылы 99 балабақшаға күрделі жөндеу жүргізіліп жатқанын айтады. Оның 72-і аяқталып қойған. 31 тамызға дейін қалған балабақшалардың барлығын жөндеу жұмыстары соңына жеткізілмек. Жалпы, жергілікті бюджет қаржысы есебінен күрделі және ағымдағы жөндеуге балабақшаларға 1 млрд 300 млн теңге қаражат көзделген. Министрдің сөзіне сенсек, әкімдіктердің ақпаратына сәйкес, балабақшалар жаңа оқу жылына дайын.