Алматы облысындағы балабақшада баланы ұрған тәрбиешінің үстінен ата-ана полицияға арыз түсірді. Бұл жөнінде Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Баланың ата-анасы Іле аудандық полициясына тәрбиешінің үстінен арыз түсірді. Тәртіп сақшылар қажетті сараптаманы тағайындады. Соған сәйкес, процессуалдық шешім қабылданатын болады», - делінген аталған ведомствоның таратқан ақпаратында.
Бұған дейін Алматы облысындағы Іле ауданының Байсерке ауылындағы жеке меншік балабақшада тәрбиешінің кішкентай баланы ұрған сәтіндегі бейнежазбаның әлеуметтік желіге тарағанын хабарлаған болатынбыз. Видеода белгісіз әйел ұйықтап жатқан баланы мазалап, беті мен жамбас тұсынан ұрғаны анық көрінеді Артынша Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел бұл оқиғаға байланысты аудандық деңгейде арнайы комиссияның құрылғанын жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, шілде айында Талдықорғандағы жеке меншік балабақшада осыған ұқсас жағдай болған. Бүлдіршіндерге қол көтерген тәрбиешінің үстінен ҚР ҚК 141 бабына сәйкес қылмыстық тергеу басталғанын хабарлаған болатынбыз.