Елордадағы балабақшалардың бірінде тәрбиеші болып жұмыс істейтін 26 жастағы қыз әріптесін алдау арқылы атына 4 рет несие ресімдеген. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Тергеу барысында 26 жастағы қыз өз әріптесінің атына микрокредиттік ұйымдардан 4 рет қарыз ресімдеп, оның банк картасының нөмірін көрсеткені белгілі болды. Ол өз картасы бұғатталғандықтан, ақшасын ала алмай жүргенін айтып, әріптесіне банк картасындағы деректерді айтуға көндіреді. Карта иесі шотқа келіп түскен несиені жай ғана аударым екен деген оймен қызға шешіп беріп отырған.
«Тергеу барысында күдіктінің қылмысты алдын ала жоспарлағаны анықталды. Әріптесінің жеке бас деректерін сөмкесіндегі құжаттарды суретке түсіру арқылы алып отырған. Қазір күдіктінің үстінен «Алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Айта кету керек, қыз бұрын осындай қылмыс үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған», - делінген департаменттің мәліметінде.