13 мам, 2022 сағат 15:32

Бала зорлау оқиғасы: министрлік «Мариям» мектебін тексерді


Кеше ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев пен Балалар құқықтары жөніндегі штаттан тыс кеңесші Раиса Шер «Мариям» жекеменшік ұйымында оқитын 1-сынып оқушысына қатысты мән-жайларды зерттеу үшін Алматыға ұшып келді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" комитеттің желідегі парақшасына сілтеме жасап.

"Олар оқушының отбасына барды. Балаға психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Сондай-ақ комитет қызметкерлері Алматы қаласының құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесті.

Қазір қалалық полиция департаменті тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр және зорлық-зомбылық әрекеттерінің жасалғанын анықтау үшін сараптама тағайындалды" - делінген хабарламада.

Сонымен қатар "Мариям" жекеменшік ұйымының әкімшілігімен және ұстаздарымен әңгіме жүргізілген.

"Құрылған комиссияның тексеру нәтижесі бойынша оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруда, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде (бейнебақылауды қамтамасыз ету бойынша тиісті талаптарды сақтамау), қажетті санитарлық-гигиеналық талаптарды құруда (сыныпта жарықтың нашарлығы, желдету жүйесінің болмауы және т.б.) бірқатар тәртіп бұзушылық анықталды", - деп атап өтті Балалардың құқықтарын қорғау комитеті.

Қазіргі уақытта тексеру жұмыстары жалғасып жатыр. Оның қорытындысы бойынша шаралар қабылданады.