Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында электр энергиясына, көмірге, ТКШ қызметтеріне бағаны төмендету мәселесі және Мемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесінің отырысында берген тапсырмаларды орындау аясындағы байланысы қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Министрлердің баяндамаларын тыңдаған соң Премьер-Министр өткен уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау бойынша ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап электр энергиясының, газ, жылу мен судың, көмірдің, ұялы байланыс пен Интернеттің бағасы төмендейді. Б.Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмалары 1 қаңтардан бастап орындалуы керектігін баса айтты.
Осыған байланысты, облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдіктеріне тұрғындар үшін көмірдің қолайлы бағасын қамтамасыз ету үшін өңірлік операторлардың үздіксіз және сапалы жұмысын қамтамасыз ету тапсырылды.
«Көмір бағасы теміржол тұйықтарында төмендеп жатыр. Ал ары қарай көлікпен тасу, бұл енді, жергілікті әкімдердің жұмысы. Яғни, қазір ол жұмыстар атқарылмайтын болса, онда көмір бағасының 17-20 пайызға дейін төмендеуі тасымалдаумен айналысатын кәсіпкерлердің қалтасына кететін болады. Тұтынушы бағаның ешқандай төмендеуін көрмейді.
Үкімет, министрлік өз жұмысын жасады. Негізгі көмір өндірушілермен келісімшарттар жасалып, жұмыстың бәрі аяқталды. Енді, негізгі тұтынушыларға дейінгі жұмысты қолға алуды сұраймыз», - деді ол облыс әкімдеріне қарата.
Сонымен қатар, Премьер-Министр бірқатар өңірлерде жылдың басынан бері қоқыс шығару тарифтерінің өскеніне тоқталды. Ол Шығыс Қазақстан облысында 30%-ға, Батыс Қазақстан облысында 46%-ға, Солтүстік Қазақстан облысында 50%-ға және Алматы қаласында 40%-ға өскен. Жолаушылар тасымалы бойынша Ақтөбе облысында жолақы бағасы 30%-ға өскен.
Премьер-Министр Б. Сағынтаев өңірлердің әкімдеріне облыстың коммуналдық қызметтер тарифтерінің өсуіне жол бермеуді және оларды төмендету бойынша тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.