Бүгін Алматыда биылдыққа бірінші Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы өтті. Отырысқа Қазақстан Премьер-Министрі Б. Сағынтаев, Ресей Премьер-Министрі Д. Медведев, Беларусь Премьер-Министрі С. Румас, Қырғызстан Премьер-Министрі М. Абылгазиев, Арменияның вице-Премьер-Министрі М. Григорян және Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Т. Саркисян қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Айта кету керек, биыл Одақ туралы келісімшартқа қол қойған уақыттан бері 5 жыл және еуразиялық интеграция идеясына 25 жыл толады.
Отырыс дәстүрлі түрде шағын және кеңейтілген форматтарда өткізілді. Күн тәртібінде сауда-экономикалық ынтымақтастық және Одаққа мүше мемлекеттер арасында өзара сауда-саттықты кеңейту, сондай-ақ, экономиканың жекелеген салаларында интеграциялық әлеуетті дамытуға қатысты жалпы 16 мәселе қаралды.
Шағын құрамда экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша пікір алмастырылды. Атап айтқанда, Одаққа мүше мемлекеттер арасында тауар айналымын одан әрі ұлғайту, соның ішінде сауда-саттық, энегетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, салық және кеден саясаты салаларындағы заңнамалық нормаларды бірегейлендіру арқылы қол жеткізу құралдары талқыланды. Бұдан өзге, білім беру саласында бірқатар құжатты өзара мойындау жүйесін жетілдіру келешегі қаралды. Сонымен қатар, ЕАЭО цифрлық күн тәртібі аясында жобаларды іске асыру тетіктеріне көңіл бөлінді.
Кеңейтілген құрамда Үкіметаралық кеңес мүшелері 2018 жылы Еуразиялық экономикалық одақтың мүше мемлекеттері арасында сауда-саттықты дамыту қорытындыларын шығарып, Одақ елдеріндегі макроэкономикалық жағдайды қарастырып, Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының тұрақты экономикалық дамуды одан әрі қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстарын тыңдады.
Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев сөз сөйлеу барысында 2018 жылы ортақ күш-жігермен активтер «қоржыны» жинақталғанын, оны алдағы уақытта да дамыту қажет екенін айтты. ЕАЭО Цифрлық күн тәртібін іске асыру белсенді түрде пысықталды. Цифрлық бастамаларды басқару офисіне ондаған перспективалы ұсыныстар келіп түсті, олардың бірқатары бүгінде қаралып жатыр. Тұрақты негізде кедергілердің келісілген тізімі өзектендіріліп жатыр, өткен жылдың қорытындысы бойынша 17 кедергі жойылды. Бұдан өзге, Жоғары кеңестің өткен отырысында (2018 жылғы 6 желтоқсанда) Мемлекеттер басшылары газ, мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру бағдарламаларын бекітті, сондай-ақ ЕАЭО аясында интеграциялық үдерістерді одан әрі дамыту туралы Декларация қабылданды. Ортақ нарық қалыптастыру тұрғысынан 9 жыл бойы соған қатысты жұмыстар жүргізілген алкоголь өнімдерінің қауіпсіздігі туралы бірыңғай регламент әзірленді. Алкоголь мен темекіге салынатын акциздер саласындағы салық саясатының қағидалары туралы келісімдер жобаларының жұмыстары аяқталып қалды.
Сонымен бірге, алдағы екі жылға кедергілерді жоюдың жаңа Жол картасын әзірлеу қажеттілігі аталып өтті. Сингапурмен және Сербиямен еркін сауда аймағын қалыптастырудың келіссөздер процесін одан әрі жүргізу, сондай-ақ, Израильмен және Мысырмен сауда келіссөздерін жандандыру жұмыстарын жүргізу қажет. Аталған нарықтарға қолайлы ашық жағдайлар жасау ЕАЭО елдерінің экспорттық әлеуетін іске асыруға елеулі түрде ықпал ететін болады.
Қазақстан тарапы ЕАЭО елдерінің азаматтарын зейнетақымен қамтамасыз ету туралы келісімді әзірлеу аясында әлеуметтік мәселелердің басымдықты екенін атап өтті. Бұл мәселелерді Жоғарғы кеңестің өткен отырысында ҚР Президенті Н. Назарбаев көтерді.
Отырыс қорытындысы бойынша кедендік әкелім бажын бөлу нормативтері, қазақстандық көмір экспорттаушылардың Ресей Федерациясының теңіз порттарының қызметтеріне қолжетімділігі мәселелері бойынша бірқатар құжаттар қабылданды, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібіндегі жобаларды іске асыру тетіктері бекітілді және Алкоголь өнімдерін реттеу туралы келісім жобасы мақұлданды. Бұдан өзге, ЕАЭО-ға мүше елдердегі өзара сауда жағдайы, макроэкономикалық жағдай және тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар туралы, сондай-ақ Одаққа қатысушы елдер арасында жүйелі консультациялар өткізу туралы өкімдер қабылданды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі — Одаққа мүше мемлекеттердің кемелері үшін тасымалдау рәсімдерін жеңілдетуге және ЕАЭО елдерінің ішкі су жолдарында кемелердің жүзуі кезінде туындайтын қатынастарды реттеудің бірыңғай құқықтық базасын құруға арналған кеме қатынасы туралы келісімге қол қою болды. Өз кезегінде, Қазақстан үшін Келісімге қол қою стратегиялық маңызға ие және отандық флотқа қысқа мерзім ішінде Ресейдің ішкі су жолдарымен Қара және Балтық теңізіне өтуге мүмкіндік береді.
Еуразиялық үкіметаралық кеңестің келесі отырысы биылғы сәуір айының соңында – мамыр айының басында Ереванда (Армения) өтеді.