Жер реформасы жөніндегі комиссияның мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұлов мораторийді 5 жылға ұзартуға қатысты ұсынысты қолдайтынын айта келе, комиссияның отырыстары кезінде әрбiр адамның пікірі ескерілгенін, ешкiмнiң сөйлеу құқығы шектелмегенін айтты, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.
«Комиссия жұмысының не басында, не аяғында жоқ, бiрақ бiздiң жұмысымызды дауға айналдырғысы келген кейбiр кертартпа адамдар болды. Бiз бiр-бiрiмiзге дұшпан емеспiз, осы отырған азаматтардың барлығы да ащы пiкiрiн айтты. Халықпен кездестiк. Билiк де ауыр сөздердi қабылдады, тыңдады. Әрбiр адаммен санастық, ешкiмнiң сөйлеу құқығы шектелген жоқ», - деді Бақытбек Смағұлов.
Депутат халықтың iшiнен шығып, жер мәселесiне жаны ашыған азаматтарға қатысты құқық қорғау органдары тергеу жұмысын жүргізіп жатқанын атап өтті.
«Бiз азамат ретінде, халықтың қалаулысы ретiнде оның ақ-қарасын анықтауға атсалысамыз. Бiрақ бүйректен сирақ шығармай, әрқайсымыз халықтың, елдiң бiрлiгiн сақтауға ұмтылуымыз керек. Қанша ай бойы жұмыс істедік қой, елдiң арасында болдық. Елдің ынтымағын сақтап, ырысын арттыруға жұмыс істейік. Тәуелсiздiгiмiздің 25 жылдығы келе жатыр, соны алақанымызда аялауға тиiспiз. Ол сiз бен бiзге байланысты», - деп толықтырды комиссия мүшесі.
«Мораторий енгізілген күннің өзiнде ешкiмнiң жауапкершiлiгi жеңiлдемейдi. Әлi де ауқымды жұмыс бар. Осымен айналысатын мамандар іске бел шеше кiрiсуi керек», - деп түйіндеді ол.