28 нау, 2022 сағат 15:35

Бақыт Сұлтанов пен Арзыбек Кожошев өзара жүк тасымалы мәселелерін талқылады


Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов бейнеконференция режимінде Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинеті Төрағасының Бірінші орынбасары Арзыбек Қожошевпен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Сауда және интеграция министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында 16 ақпанда Алматы қаласында өткен Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысының хаттамасын орындау, атап айтқанда, өзара жүк тасымалы, оның ішінде Қырғыз Республикасының аумағынан Қазақстан Республикасына, Ресей Федерациясына жіберілетін және кері бағыттағы жүк автокөлік құралдарының өтуі туралы мәселелер талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі ел шекарасында жүк автокөлік құралдарының жиналуына жол бермеу, есепке алынбаған тауарларды әкелуге және әкетуге жол бермеу бойынша бірлескен шаралар қабылдау, сондай-ақ электрондық шот-фактуралар болмаған жағдайда автокөлік құралдарын Қырғыз Республикасының аумағына қайтару туралы бірқатар уағдаластықтарға қол жеткізді.

«Сонымен қатар, өзара жүк тасымалдары саласында туындайтын проблемаларды мониторингілеу және жедел шешу мақсатында ай сайынғы негізде осындай келіссөздер жүргізу туралы шешім қабылданды»,-делінген хабарламада.