Көптеген беделді халықаралық байқаулардың гран-при иегері, «Астана Опера» театрының жетекші солисі Бақтияр Адамжан алғаш рет ХХ ғасырдағы көрнекті хореограф Ролан Петидің қойылымындағы «Бозбала мен ажал» балетіндегі Бозбала басты рөлін сомдады.
Қойылым аты аңызға айналған биші әрі хореограф Рудольф Нуреевке арналған Tributo a Rudolf Nureyev халықаралық гала-балеті аясында 28 шілде күні біздің дәуірімізге дейінгі І ғасырдан бері сақталып келе жатқан көне римдік амфитеатр, Сполето (Италия) Рим театрының ашық сахнасында өткен болатын. Әлемдік балет жұлдыздарының орындауында көрермендерге Р. Нуреевтің репертуарынан нөмірлер ұсынылды.
Ролан Петидің «Бозбала мен ажал» бір бөлімді атақты балеті 1946 жылы Иоганн Себастьян Бахтың Пассакалья музыкасына қойылды, оған арқау болған Жан Коктоның өлеңмен жазылған либреттосы. Гала-балетке арнап қойылымды жүзеге асырған Р. Петидің ассистенті – балетмейстер Луиджи Бонино, ол өзі де бір кездері Бозбаланың партиясын орындаған болатын. Бақтияр Адамжанның сахнадағы серігі болған әйгілі миландық Ла Скала театрының прима-балеринасы Николетта Манни.
Бұдан бөлек, Бақтияр Адамжан осы кеште Венгрия мемлекеттік операсының примасы Татьяна Мельникпен Л. Минкустың «Дон Кихот» балетінен Па-де-дені орындады. Итальяндық көрермен қауым Б. Адамжанның әрбір сахнаға көтерілуін толассыз қошеметпен қарсы алып, қазақстандық балет жұлдызын зор сүйінішпен қабылдады.