Б.Асафьевтің атақты «Бақшасарай бұрқағы» драмалық балеті «Астана Опера» театры репертуарының нағыз сәніне айналды. 14 қаңтар күні хореографиялық поэмада дебют орын алмақ: поляк князь қызы Марияның партиясында алғаш рет Үлкен зал сахнасына балеттің жас әртісі Бақытгүл Испанова шығады.
Нәзік Мария – сыртқы ажарымен, жан-дүние сұлулығымен қаһарлы ханды еліткен хикаяның лирикалық кейіпкері спектакль бойы өмірдің қиын жолдарына тап болады. Қойылымның ең басында - жақындарының арасында өзінің туған күнін атап өтіп жатқан жас князь қызы – әкесінің қылықтысы әрі бақытты қалыңдық. Керей ханға тұтқынға түсіп, туыстарынан айырылған бақытсыз Мария үнемі қорқыныш пен қауіпте өмір кешуде.
Сүйкімді қыздың санқырлы бейнесін жүзеге асырып, алғашқы махаббаттан бастап күйінішке дейінгі сезімдердің күрделі айшықтарын жасау үшін орындаушыға техникалық шеберлік, әртістік әрі актерлік дарын қажет. Болашағы жарқын балерина Бақытгүл Испанова осы рөлдің өзіндік интерпретациясын әзірлеуде.
- Бұл техникалық және актерлік тұрғыдан алғанда қарапайым партия емес. Драмалық балет болғандықтан, қиын тапсырмалардың бірі бейнені жасау бойынша жұмыс болып табылады. Қорғансыз Марияның басына тап болған қайғылы жағдайды сезініп, көрерменге жеткізуім керек. Балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Әбдуахимқызы Асылмұратова осы партияны менімен бірге әзірлеп, әрбір өзгешелікті көрсетіп, түсіндірді. Артылған сенімді абыроймен ақтап шығу мен үшін аса маңызды. Сахнадағы әріптестерім маған қолдау көрсетуде, бәрі тәжірибелі әртістер – олармен бірге жұмыс жасаудың өзі бір ғанибет. Толқынысыма қарамастан, сахнада бұл хикаяны бастан кешіп, сезінуге тырысамын, - деп атап өтті Бақытгүл Испанова.
Қырымның қатал Керей ханы бейнесінде айбынды Жәнібек Иманқұлов, ал құштарлыққа толы, қызғаншақ Зарема партиясын жас солист Анастасия Заклинская орындайды, Вацлав – Еркін Рахматоллаев, Нұралы – Серік Нақыспеков. Қоюшы балетмейстерлер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Тұрсынбек Нұрқалиев пен Ғалия Бөрібаева. Суретші-сценограф – Эцио Фриджерио (Италия), костюмдер бойынша суретші – «Оскар» сыйлығының лауреаты Франка Скуарчапино (Италия). «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі – Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова.
Басталуы сағат 18.00-де.