Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) Ресейге Мәскеу зертханасындағы допинг сынамасы деректерін бұрмалау жайлы жорамалдарға байланысты түсініктеме беруге үш апта уақыт берген. Бұл туралы допингке қарсы ұлттық агенттіктер институтының басшысы Майкл Аскіге сілтеме жасаған даниялық Sports Press басылымы хабарлады.
Мәскеудің допингке қарсы зертханасы WADA ұйымының допинг сынамалары туралы деректерді бермес бұрын оларды өзгерткен болуы мүмкін деген күдікке іліккені туралы немістің Frankfurter Allgemeine басылымы да жазған. ARD телеарнасының хабарлауынша, WADA мәскеулік зертхана соңғы бір жарым жыл бойы ресейлік спортшылардың жүйелі түрде допинг қолданатынын жасыру мақсатында сынама туралы деректерді бұрмалап келген болуы мүмкін деп сезіктенеді.
Бұған дейін британдық The Telegraph басылымы, егер допинг сынамалары туралы деректердің бұрмаланғаны расталса, онда Ресейдің допингке қарсы агенттігінің жұмысы уақытша тоқтатылып, ресейлік спортшылар 2020 жылы Токио Олимпиадасынан шеттетіледі деп жазды.
Ресейдің олимпиада комитеті алдағы Олимпиада ойындарынан ұлттық құрама шеттетілуі ықтимал деген ақпаратқа байланысты түсініктеме беруден бас тартты. Ресейдің допингке қарсы агенттігі (РУСАДА) өкілдері батыс журналистері ресейлік спортшылар туралы «әдейі шу шығарады» деп санайды.
23 қыркүйекте Токиода өтетін жиында WADA ұйымы атқару комитетіне Мәскеудің допингке қарсы зертханасының қызметі туралы есеп ұсынылады деп хабарланды.