06 сәу, 2022 сағат 15:30

Бағдат Мусин «Қазақтелекомға» қатысты атқарылатын жұмыстарды атады


ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Қазақтелекомды» демонополизациялау туралы түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер министрден телекоммуникация саласын демонополизациялау қадамдарына қатысты сұрады. 

«Жаңа Қазақстан аясында жаңа шешімдерге жол беріліп жатыр. Телеком нарығында бәсекелестікті ортаны күшейту назарға алынып отыр. Жалпы, бұрын нарықта осындай жағдай (монополизм) бар екенін үнемі көтеріп келдік. «Қазақтелекомға» қатысты тоқталсақ, оларға екі операторды сатып алуға рұқсатты мен берген жоқпын, оларға бұрынғы Үкімет рұқсат берді. Шамамен, 5 жыл бұрын сатып алған болатын. 2020 жылдан бері біз оларға қатысты бақылау жұмыстарын күшейтіп, интернет сапасы бойынша талаптарды қойдық», - деді Мусин.

Сонымен қатар министр тиісті заң жобасы аясында депутаттармен бірлесе тиісті айыппұлдар сомасын арттыру мәселесі талқыланып жатқанын жеткізді. 

«Тағы бір мәселе – радиожиіліктер монополиясы. «Қазақтелеком» АҚ-ға барлық радиожиіліктердің 75 пайызы тиесілі екенін, осыған қатысты тиісті шешім жасау ұсынысын айттым. 2021 жылы радиожиіліктер бойынша сот арқылы тиімді пайдаланылмаған 8 облыс аумағына қатысты «Қазақтелекомнан» радиожиіліктерді алып қойдық. Қазір аукцион бойынша оларды таратамыз», - деді ол.

Мұнымен қоса министр өткен жылы жаңа операторлардың пайда болуына мүмкіндік берілгенін айтты.